НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Парламент мәжілісінің бүгінгі жалпы отырысы бір минут үнсіздікпен басталды. Депутаттар әріптесі Глеб Щегельскийді еске алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин экология және табиғатты пайдалану комитетін басқарған Глеб Щегельскийдің мезгілсіз қазасына байланысты палата өкілдері мен отырысқа қатысқан үкімет мүшелерінің атынан тағы да көңіл айтып, қайғыға ортақтасатынын жеткізі.
"Глеб Анатольевич өзінің бар күш-жігерін мен тәжірибесін ел игілігіне жұмсады. Ол үкіметпен тығыз жұмыс істеді, нағыз патриот болды. Біз оны ешқашан ұмытпаймыз", – деді Нығматулин.
Мәжіліс депутаты Глеб Щегельский 2020 жылдың 17 қазанында 51 жасында кенеттен қайтыс болды.
Глеб Щегельский туралы
Ол 1969 жылы Целиноград облысының Степногорск қаласында туған. Мәскеудің С.Орджоникидзе атындағы Авиация институтын бітірген.
Еңбек жолын Ақтөбе ферроқорытпалар зауытында балқытушы, инженер болып бастаған. Әр жылдары Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары, "Рика ТВ" ЖШС директорының орынбасары, индустрия және сауда министрлігінің Ақтөбе техникалық реттеу және метрология департаментінің директоры болып еңбек еткен.
2012 жылдан бесінші сайланған парламент мәжілісінің депутаты. Мәжілістің қаржы және бюджет комитеті мен "Нұр Отан" партиясы фракциясының мүшесі. 2016 жылы алтыншы сайланған мәжіліс депутаты атанған ол экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы болды.
Астанаға 10 жыл, "Нұр Отан", Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы медальдерімен, "Құрмет" орденімен марапатталған.
Төрт баласы бар.