Қоғам

"Қашықтан оқытуды тағы бір жылға созады": ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме

Бүгінде санитарлық дәрігерлердің талабына сәйкес, карантиндік шектеулерге байланысты оқушылардың басым бөлігі қашықтан оқып жүр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 қазан – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі "қашықтан оқыту форматын келесі жылдың қараша айына дейін ұзартады" деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұған дейін Instagram желісінде тараған ақпаратта қашықтан оқытуды келесі оқу жылына дейін ұзартатыны туралы айтылған болатын. 

"Кеше таныс мұғалімдерден бір жаңалық естідім. Қашықтан оқыту 2020-2021 оқу жылының аяғына дейін болады, тіпті, келесі жылдың бірінші тоқсанына дейін ұзартылады. Бұл дегеніміз, балалар тек 2021 жылы қараша айында ғана мектепке барады", - делінген хабарламада.

Білім және ғылым министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Себебі әзірше екінші тоқсанның қандай форматта өтетіні де белгісіз. 

"Біз денсаулық сақтау министрлігінің шешімін күтіп отырмыз. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер тиісті қаулысын қабылдауы тиіс. Сол кезде екінші тоқсанның форматы белгілі болады. Денсаулық министрлігінен ақпарат түскен бойда ата-аналар мен оқушыларға хабар береміз", - дейді министрліктің баспасөз хатшысы Гауһар Омарбек. 

Осы орайда ведомство өкілі бірінші тоқсанның 5 қарашада аяқталатынын еске салды. Бүгінде санитарлық дәрігерлердің талабына сәйкес, карантиндік шектеулерге байланысты оқушылардың басым бөлігі қашықтан оқып жүр. Ата-аналардың өтініші бойынша мектептерде кезекші сыныптар ашылған. Оған 1-4 сынып оқушылары бара алады. Бір сыныпта 15 баладан артық болмауы шарт. 

"Карантиндік шектеулер кезінде жұмыс пен оқудың форматын бас санитарлық дәрігер анықтайды. Сондықтан мектептердің жұмысы басқа нысандар сияқты санитарлық дәрігерлердің қаулысымен белгіленеді. Ал шешім қабылдағанда эпидемиологиялық жағдайға баса мән беріледі", - деп атап көрсетті Омарбек.