Экономика

Заңсыз айналымнан 230 миллион теңгенің дәрі-дәрмегі тәркіленді

Жүргізіліп жатқан жұмыстар мен қылмыстық істердің тергелуін қауіпсіздік кеңесінің аппараты қатаң бақылауға алды
Sputnik

АЛМАТЫ, 20 қазан – Sputnik. Қазақстанда заңсыз айналымнан 10 миллионнан астам бума дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым тәркіленді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдары COVID-2019 пандемиясы кезінде дәрі-дәрмектерді алып-сатудың және заңсыз айналымға түсірудің жолын кесу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлады Ақорда.

"Дәріханаларда медикаменттерді қымбат бағада сатуға қатысты 1 мыңға жуық жағдай тіркелді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысындағы дәріханалардың бірінде "Арбидол" дәрісінің бағасы шекті деңгейден екі есе жоғарылатып бекітілген,  2312 теңгенің орнына 5000 теңгеден сатылған", - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар дәріханалардан тыс жерлерде қауіпсіздік лицензиялары мен сертификаттары жоқ дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды заңсыз сатуға қатысты 300-ден астам жағдай анықталды. 

Соның ішінде Жамбыл облысында дәрі-дәрмектерге жалған қауіпсіздік сертификаты жасалған. Сонымен қатар фармацевтикалық қызметке лицензиясы жоқ құны 44 миллион теңге болатын Қырғызстаннан  әкелінген 82 препарат түрін сатуға тосқауыл қойылды. 

"Жалпы заңсыз айналымнан құны 230 миллион теңгеден асатын 10 миллион бума дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым тәркіленді. Анықталған заңбұзушылық деректер бойынша 3 сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 1 183 адам әкімшілік жауапқа тартылды", - делінген ақпаратта.

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектердің бөлшек саудадағы шекті бағасын қою үшін олардың тізімін толықтыру мәселесін пысықтап жатыр.

Сонымен қатар медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу кезінде болатын заңбұзушылықтарды анықтауға қатысты кешенді шаралар жалғасуда.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар мен қылмыстық істердің тергелуін Қауіпсіздік кеңесі аппараты қатаң бақылауға алған.