Қоғам

Премьер-министр кейбір мамандық бойынша білім гранттарын көбейтуді тапсырды

Премьер-министрдің айтуынша, биылғы құс тұмауы бақылаушы органдардың жұмысында бірқатар кемшіліктің бар екенін көрсеткен
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 қазан – Sputnik. Үкімет басшысы Асқар Мамин ветеринария және фитосанитария мамандықтары бойынша білім беру гранттарын көбейтуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ауыл шаруашылығы министрлігі білім министрлігімен бірлесіп, салаға қажетті кадрларды даярлауды жетілдіру және түлектердің кеңінен ауылда жұмыс істеу шартымен ветеринариялық және фитосанитариялық қызмет мамандықтарына бөлінетін гранттарды көбейту мәселесін пысықтасын", – деді Мамин үкімет отырысында.

Премьер-министрдің айтуынша, биылғы құс тұмауы бақылаушы органдардың жұмысында бірқатар кемшіліктің бар екенін көрсетті. Осы орайда үкімет басшысы ауыл шаруашылығы ұсынған шараларды қолдады.

Соның ішінде ветеринариялық және фитосанитариялық қадағалаудың ұлттық жүйесін құру бастамасы да бар. Оған республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінеді. Бұдан бөлек, жергілікті жерде шектеу шаралары шұғыл енгізу тәртібі болады. 

"Ауыл шаруашылығы және әділет министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардың карантиндік және шектеу шараларын белгілеу және алып тастау жөніндегі шешімдерін әділет органдарында тіркеу рәсімін жеңілдетсін", – деп атап көрсетті Мамин.

Оқи отырыңыз: "Ауылдың балалары қатты қиналады" Ағылшын тілі қазақша неге оқытылмайды

Айта кетейік, үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жедел карантин енгізуге және инфекция ошағын жабуға біраз уақыт кететін атап өткен. Себебі әкімдердің қаулыларын келісу, бекіту және күшіне енгізу үшін 5-15 күндей күту керек. Ал ол уақыттың ішінде инфекция басқа жерге таралып кетуі әбден мүмкін. Осыған байланысты министр шектеу шаралары туралы шешімді бекіту және тіркеу мерзімін 1 күнге дейін қысқарту қажеттігін айтты.