Қоғам

Бекшин Алматыдағы кинотеатрлар қашан ашылатынын айтты

Бекшиннің айтуынша, қаладағы эпидемиологиялық жағдай ескеріле отырып, сауда ойын-сауық орталықтарының жұмысына қатысты шешім қабылданады
Sputnik

АЛМАТЫ, 20 қазан – Sputnik. Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қала билігінің кинотеатрлар мен демалыс күндері сауда ойын-сауық орталықтарын ашу туралы нақты шешім қабылдамағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, кинотеатрлардың ашылуы қаланың "жасыл аймақ" қатарына кіретініне байланысты. Ал Алматыда соңғы тәулікте инфекцияның таралу қарқыны 0.05% көрсетті.

"Егер бір жерде инфекция таралуы қарқыны байқалса, кинотеатрларды ашу туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Алматыда соңғы екі күнде өсім байқалады. Егер өсу қарқындай түссе, карантинді жеңілдетуді қарастыра алмаймыз. Оның ішінде кинотеатрлар да бар", – деген Бекшин кинотеатрлар басшылығы дайындық жүргізіп қойғанын жеткізді.

Оның түсіндіруінше, кинотеатрларда байланыссыз термометрия, ауаны залалсыздандыру, көрерменді отырғызу алгоритмі қарастырылып, залдың 30%-ін толтыруға рұқсат берілген. Орындалған талаптарға қарай соңғы шешім қабылданады.

Қаланың бас санитар дәрігері сауда орталықтарына қатысты да пікір білдірді. Ол сауда ойын-сауық орталықтарының сенбіде сағат 17.00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат беру туралы мәселені қаладағы арнайы штаб қарайтынын мәлімдеді. Айтуынша, ол жерде де қаладағы эпидемиологиялық жағдай ескеріледі.

Ал 19 қазанда Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия 26 қазаннан бастап кинотеатрлардың ашылатынын хабарлады. Сондай-ақ сауда үйлері мен сауда ойын-сауық орталықтарына сенбіде 17.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Оқи отырыңыз: Алматыда карантин күшейтіле ме – бас санитар дәрігердің жауабы

Айта кетейік, коронавирус пандемиясы басталғалы Алматыда 14 539 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Оның ішінде 8 731 адамда ауру белгісі бар болса, қалған 5 808 науқас – симптомсыз. Ал бірінші тамыздан бастап 974 адамға пневмония диагнозы қойылды.