Қоғам

Қазақстандағы карантин: комиссия жаңа шешімді жариялады

Елде кинотеатрлар жұмысы жанданады. Сондай-ақ, сауда ойын-сауық орталықтары мен жабық базарларға сенбі күні жұмыс істеуге рұқсат берілді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 қазан – Sputnik. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Жиында президент тапсырмасына сәйкес COVID-19-бен күресудің қосымша шаралары қаралды. 

Шекарада бақылау күшейтіледі

  • 26 қазаннан бастап шет елдердегі эпидемиологиялық ахуалды ескерумен шетелге ұшатын әуе рейстерінің санын қысқарту;
  • Қазақстан аумағына келгендердің барлығын (соның ішінде ҚР азаматтарын), сондай-ақ екіжақты халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын жүргізушілерді міндетті ПТР-тестілеуден өткізу;
  • шетелден келушілерге, оның ішінде ҚР азаматтары үшін де ПТР тестіден өткені туралы анықтаманың жарамды мерзімін 3 күнге дейін белгілеу туралы шешім қабылданды.

Бүгіннен бастап көптеген өңірлік зертханаларда ПТР-тестілеу құны 9 мың теңгеге дейін төмендетілді. 

24 қазаннан бастап сенбі күндері сағат 17:00-ге дейін сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жабық базарлар жұмыс істей бастайды.

26 қазаннан бастап кинотеатрлар қашықтықты және маска тағу режимін сақтай отырып, сыйымдылығының 30%-інен аспайтын адам санымен жұмысын қайта бастайды.

Шектеу шараларын сақтау

Мектепке дейінгі балалар мекемелерінің, бильярд және компьютер клубтарының, ойын-сауық мекемелерінің, банкет залдарының, түнгі клубтардың қызметіне салынған тыйым сақталады.

Облысаралық жолаушылар тасымалдарына және ортақ вагондарды құруға салынған тыйым алынбайды.

Соңғы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 109 508 адам коронавирус жұқтырған, 105 030 адам жазылып шықты, 1 768 науқас қайтыс болды.