Қоғам

"Ұйықтатып тастайды": министрлік жұртты шошытқан ақпаратқа түсініктеме берді

Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, алаяқтар есірткінің әсері бар зат себілген маска арқылы адамдарды ұйықтатып, үйін тонап жүр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 қазан – Sputnik. Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған хабарламаның жалған ақпарат екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Хабарламада партиялардың атынан медициналық бетперде таратып жүрген еріктілер туралы айтылады. Олар бір бетпердені киіп көруге кеңес береді. Одан кейін отбасы мүшелеріне 3-5 данасын таратып береді.

"Маскаға есірткінің әсері бар химикатты сіңіріп тастаған. Адам бірден есінен танып қалады. Пәтер ашық болып қалады да, тонау жасалады. Бөгде адамдардан маска алмаңыздар. Қазіргі кезде қылмыстың саны күрт көбейіп кеткен", - делінген хабарламада.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.

"Медициналық маскадағы есірткі заты арқылы қылмыс жасау фактілері тіркелген жоқ. Бұл ақпарат – фейк. Дегенмен, кез келген жағдайда сақтық танытқан жөн. Танымайтын адамдарға есік ашпаңыздар. Балаларды да ескертіп қойған дұрыс", - деді Ораз онлайн брифингте.

Ол бөгде адамдардың әрекетіне күдіктенген жағдайда бірден полицияға хабар беру қажеттігін атап өтті.