Қоғам

Биыл 47 қазақстандық шетелге тегін емделуге жіберілді

Шетелде емделетін негізгі аурулар трансплантология, онкогематология, онкология профильдеріне жатады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 қазан – Sputnik. 2020 жылдың басынан бері әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау министрлігі комиссиясының шешімімен 47 адамды шетелге емделуге жіберді, деп хабарлайды МӘСҚ баспасөз қызметі.

Емдеу ақысы міндетті әлеуметік медициналық сақтандыру арқылы емес, ақысыз медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында төленетінін атап өту маңызды. Ал төлем әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекет сондай-ақ, емделушінің және оны алып жүретін азаматтардың да жол шығынын өтейді.

"Оның ішінде 31 адам қажетті көмекті толық көлемде алды, 16 қазақстандықтың емі жалғасуда. Тағы бес науқас ауруханаға жатқызылу күні кешірек мерзімге жоспарланғандықтан, емделуге жолдама күтіп отыр", – деп нақтылады қордағылар.

2020 жылдың 1 қазанындағы жағдайға сәйкес, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры шетелдік клиникалармен 787 миллион теңге немесе 1,8 миллион доллар тұратын келісімшартқа қол қойды.

"Қаражат туыс емес донордан сүйек кемігін трансплантациялауға, органдарды трансплантациялауға, сәулелі терапия/радиохирургиялық емдеуге, протон терапиясына жұмсалды", – делінген хабарламада.

Шетелде қалай тегін емделуге болады?

Қазақстандықтар 2012 жылдан бастап шетелге емделуге бюджет қаражаты есебінен – ақысыз медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында барады. 

"Бағдарлама біздің елімізде толықтай дамымаған немесе қолданылмайтын жоғары технологиялық қызмет түрлерін алу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін әзірленген", – деп атап өтті ӘМСҚ өкілдері.

Бағдарлама науқастардың шетелдік медициналық клиникаларға өз қаражаты есебінен емделуге баратын жағдайларды қарастырмайды. 

Шетелде ем қабылдауға барғысы келетін азамат республикалық денсаулық сақтау ұйымына жүгінуі қажет (ҒЗИ, медициналық орталық). Ол жерде науқасты шетелге емделуге жіберу туралы қорытындыны шығады. Содан кейін құжаттарды ӘМСҚ базасында жұмыс істейтін шетелде емдеуді ұйымдастыру жөніндегі комиссияның жұмыс органының қарауына ұсынады.

Жұмыс органы туралы ақпаратты қордың сайтынан табуға болады.

Соңғы шешімді денсаулық сақтау министрлігінің алқалы органы саналатын сарапшылық комиссия қабылдайды.

Шетелде емделуге өтініш білдірген науқастар комиссияның жұмыс органының бөлімінде өздерінің өтініш кодтарының көмегімен құжаттардың қаралу кезеңдерін бақылай алады. Науқастарға өтініш коды комиссияның жұмыс органының қызметкерлеріне құжаттар келіп түскен сәттен бастап ұсынылады.

Қазақстандықтар қай елдерде ақысыз ем қабылдай алады?

Қазақстан Ресей, Беларусь, Түркия, Оңтүстік Корея, Үндістан, Германия, Испания елдерінің жетекші мамандандырылған клиникаларымен ынтымақтастық орнатқан. Шетелдік медициналық ұйымды таңдаудағы негізгі критерийлер – емдеудің қажетті бағдарламасының болуы, емдеуде инновациялық әдістердің қолданылуы және баға саясаты.

Бағдарлама Қазақстанда республикалық медициналық ұйымдар негізінде жоғары технологиялық медициналық қызметтердің дамуын ынталандырады. Жобаға қатыстырылған шетелдік мамандар жергілікті дәрігерлерге шеберлік сағаттарын өткізеді.

Оқи отырыңыз: Медициналық сақтандыру қоры қазақстандықтардың наразылығына жауап берді

Айта кетейік, жыл сайын бюджет қаражаты есебінен 100-ден астам науқас шетелге емделуге жіберіледі.

Шетелден шақырылған мамандар өткізген шеберлік сағаттарының аясында 30-дан астам науқас отандық медициналық ұйымдарда ем қабылдап жатыр.