Өңірлер

Мақтааралда 400-ге жуық отбасыға жаңа үйдің кілті табысталды

Мамырда Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды. Апат салдарынан көршілес Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы ауылдар су астында қалған болатын
Sputnik

АЛМАТЫ, 19 қазан – Sputnik. Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 386 отбасы қоныс тойын тойлап жатыр, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Үй иелеріне кілт тапсыру шарасына премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр, Өзбекстанның су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты.

"Сардоба су қоймасындағы бөгеттің бұзылуы шекаралас екі ел үшін де оңайға соқпады. Апат айтып келмейді. Осы жағдайда Мақтааралға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілді. Зардап шеккен ауылдардың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмады. Бүкіл ел болып көмек қолын созды. Қиындықтар артта қалып, осы сәт өмірлеріңіздің жарқын кезеңі болсын. Жаңа қоныстарыңыз жайлы да, берекелі болуына шын жүректен тілектеспін", - деді Шөкеев.

Сонымен қатар Мақтаарал ауданында болған төтенше жағдай кезінде ерекше қызмет атқарған бір топ азаматқа премьер-министрдің алғыс хаты берілді. Олардың арасында Өзбекстан су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев пен төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Абдулла Кулдашов та бар. 

Айта кетейік, 70 гектар жерде орналасқан жаңа қалашықтағы 386 үйге Жеңіс, Жаңатұрмыс және Достық елді мекендерінің тұрғындары көшіп келетін болады.

Мақтааралда 400-ге жуық отбасыға жаңа үйдің кілті табысталды

Бұл жерге ауыз су, жарық, жылу мен кәріз жүйесі жасақталып, жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылған. Сондай-ақ жаңа мөлтек ауданда 1200 орындық мектеп пен балабақша және дәрігерлік амбулатория салынып жатыр.

386 үйдің ішінде 196 тұрғын үйі үкімет резервінен бөленген қаражатқа, 150 үй Болат Өтемұратов қорының қаржысына салынды. 

40 баспана Nur Otan партиясының "Біз біргеміз" қоры мен "Салиқалы ұрпақ" қорының қолдауымен бой көтерді.

Мақтааралда 400-ге жуық отбасыға жаңа үйдің кілті табысталды

Айта кетейік, 2020 жылдың мамырында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды. Апат салдарынан көршілес Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы ауылдар су астында қалды. Ауданда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Содан кейін су басқан аймақтағы әрбір тұрғын республика бюджетінен 100 мың теңгеден қаражат алды. "Болат Өтемұратов қоры" зардап шеккендерге үй салып беру үшін 6 миллион доллар бөлді.

Ресей кәсіпкері Әлішер Усмановтың қорынан эвакуацияға ұшыраған тұрғындар үшін 5,2 миллион доллар аударылды. Бұл қаржы 5 202 отбасыға үлестірілді.