АЛМАТЫ, 19 қазан – Sputnik. Алматыда "Қаратал" бизнес орталығында ішінде не бар екені белгісіз сөмкеге байланысты 300-ге жуық адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Эвакуация сағат 12.40-та басталды. Ғимаратта жұмыс істейтін барлық қызметкер сыртқа шығарылды.
Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан тілшісіне эвакуацияға бірінші қабатта белгісіз біреу қалдырып кеткен сөмке себеп болғанын айтты.
"Әйел сөмкені бірінші қабатта қалдырып кеткен. Сөмкеде қарапайым заттар болды. Біздің қызметкерлер барлығын тексеріп, сөмкенің иесін тапты. Кеңсе қызметкерлері жұмысына оралды, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ", - деді полиция.
Айта кетейік, "Қаратал" бизнес орталығы Алмалы ауданында Шевченко көшесі мен Наурызбай батыр көшесінің қиылысында орналасқан.