Қоғам

Елімізде тағы 100 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден алды

Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен "Birgemiz" қоғамдық қоры төлем жасаудың бесінші толқынын аяқтады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 қазан – Sputnik. "Birgemiz" қоғамдық қоры тағы 100 мыңнан астам отбасыға 50 мың теңгеден үлестірді. Бұл туралы "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек хабарлады. 

"Елбасы, "Nur Otan" партиясының лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен "Birgemiz" қоғамдық қоры төлем жасаудың 5-ші толқынын аяқтады. Еліміздің барлық өңірі бойынша тағы ең мұқтаж 100 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден алды", - деп жазды Байбек әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Сонымен, барлығы 650 мыңнан астам отбасы немесе 2,2 миллион қазақстандық тікелей қаржылық қолдаумен қамтылды.

"Сондай-ақ, қор қаражаты есебінен 2 мыңнан астам медицина қызметкеріне қолдау көрсетілді, су басудан зардап шеккен Мақтаарал тұрғындарына 20 жаңа үй салынды", - деді ол. 

Жалпы, BizBirgemiz акциясының аясында 320 мыңдай отбасы азық-түлік себетімен және бірінші кезектегі қажетті тауарлармен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, 100 мың отбасыға 5 миллион маска тегін таратылды.

"Елбасы бастамасымен қорға 34 миллиард теңгедей қаражат жинаған барша демеушілер мен меценаттарға тағы да алғыс айтқым келеді. Коронавируспен күрес кезеңінде мұқтаждарға қолдау көрсету бойынша осынау игі іске атсалыса отырып, еліміз бен халқымыз қажырлылық пен ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті", - деді Байбек.