Қоғам

Щучинсктегі жол апаты: министр қаза тапқан полицейлердің отбасына көңіл айтты

Жол апатынан көз жұмған Қанат Отарбаевтың артында жұбайы мен үш баласы, ал Қанат Хамидуллиннің артында жүкті әйелі мен 7 жасар ұлы қалды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан учаскелік полиция инспекторлары Қанат Отарбаев пен Қанат Хамидуллиннің отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Polisia.kz.

"Олардың кәсібилігі мен парасаттылығын, өз қызметіне адалдығын басшылық та, халық та бағалады. Олар әріптестерінің арасында сыйлы болды. Ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы қаза тапқандардың туыстарымен және жақындарымен бірге қайғырады", – деді Тұрғымбаев.

Порталдың мәліметінше, полиция капитаны Қанат Отарбаев ішкі істер органдарында 16 жыл қызмет еткен. Өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін 22 рет көтермеленген. Марқұмның артында жұбайы мен үш баласы қалды, олардың ең кішісі – 3 жаста.

Ал полиция капитаны Қанат Хамидуллин құқық қорғау органдарында 12 жыл істеген және осы уақыт ішінде 23 рет көтермеленген. Марқұмның артында жүкті әйелі мен жеті жасар ұлы қалды.

Еске салсақ, жол апаты 15 қазанда Щучье қаласында болды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларына қатысып, оқиға орнынан қайтып келе жатқан. Осы кезде "Лексус" жүргізушісі жол ережелерін елемей, бағдаршамның қызыл шамынан жоғары жылдамдықпен өтіп, "Нива" қызметтік көлігімен соқтығысқан.

Екі полицей де оқиға орнында көз жұмды.

Анықталғандай, күдікті бұрын көлікті мас күйінде жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған.

Қазір ол полицейлердің күзетуімен ауруханада жатыр. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-тармағы  бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.