Қоғам

Тоқаев Қазақстанда Абай мектептерін ашуды ұсынды

Мемлекет басшысы Алматыдағы Абай атындағы мектеп-интернатты заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, "Абай мектебі" деп аталатын ең үздік білім ордасына айналдыруды тапсырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Семейде абайтанушы ғалымдармен кездесті. Мемлекет басшысы республикада Абай мектептерін ашуды ұсынды, деп хабарлайды Ақорда.

Кездесу барысында президент гуманитарлық саланы дамыту қажеттігін, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға және сапалы оқулық дайындауға баса мән беруі керектігіне тоқталды.

Тоқаев ана тілі мен төл әдебиетттің қадір-қасиетін балаларға мектеп жасынан бастап сіңіру керек деп санайды. Бұл бағытта бірыңғай ұстаным қажет.

"Осыған орай Алматыдағы Абай атындағы мектеп-интернаттың мүмкіндіктерін толық пайдаланған жөн. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын бұл мектептің оқу үдерісі басқа мектептерге үлгі болады деп ойлаймын. Оны заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, "Абай мектебі" деп аталатын ең үздік білім ордасына айналдыру қажет. Жалпы біз келешекте Абай мектептерін ашу туралы ойлануымыз керек", – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы биылғы мерейтой кезінде елге ой салатын, тағылымы мол нақты шаралар атқарылғанын, бұл үрдіс Абай жылынан кейін де жалғаса беретінін атап өтті.

Сондай-ақ, ұлы Абайдың тұлғасын шетел жұртшылығына кең ауқымда таныту жобасы бойынша ақынның шығармалары ағылшын, испан, араб, түрік, қытай, неміс, итальян, француз және жапон тілдеріне аударылды. Президент аудармалардың көркемдік сапасы өте жоғары деп санайтынын жеткізді.

Тағы оқыңыз: Абайдың мерейтойы кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа​ жол берген жоқпыз – Тоқаев

"Абай шығармаларын әлемде кең тараған тілдерге аударып, басу – бірегей халықаралық жоба. Бұл жаһанға қазақ мәдениетінің жаңа қырын танытып, әлемдегі барша оқырмандарға Абай шығармашылығымен, терең философиясымен және теңдессіз лирикасымен танысуға мүмкіндік береді", – деді президент.

Кездесу барысында Тоқаев зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы рөлі мен орнына тоқталып, олардың қашанда ұлттық құндылықтарды бәрінен биік қоятынын, әрдайым мәртебелі миссия атқарып келе жатқанын баса айтты.

Кездесуде Мекемтас Мырзахметұлы, Тұрсын Жұртбай, Ғарифолла Есім, Борис Щербаков, Арап Еспенбетов секілді ғалымдар мен абайтанушылар сөз сөйледі.

Кездесу соңында Тоқаев абайтануға айтулы еңбек сіңірген, отандық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.