Әлем

Қырғызстан президенті отставкаға кететінін мәлімдеді

5 қазанда парламенттік сайлаудың нәтижелеріне наразылық білдірген азаматтар митинг өткізіп, "Ақ үй" мен ұлттық қауіпсіздік комитетін басып алды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан – Sputnik. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков отставкаға кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.

Ол ел халқына үндеу жолдады.

Оның сөзіне қарағанда, Бішкектегі қоғамдық-саяси ахуал шиеленесе түскен.

"Кеше Жогорку Кеңеш үкіметтің құрамын бекітті, мен тиісті тағайындаулар туралы Қырғыз Республикасы президентінің жарлығына қол қойдым. Бірақ бұл шиеленіс түйінін тарқата қойған жоқ", – деді Жээнбеков.

"Өкінішке қарай, агрессия басылмай, тез арада отставкаға кетуімді талап ету жалғасуда. Қазіргі жағдай екіжақты жанжалға жақын", - деп атап өтті ол.

Жээнбеков өз сөзінде бір жақта – наразылық білдірушілер, екінші жақта – құқық қорғау органдары тұрғанын айтты. Әскери және құқық қорғау органдары мемлекеттік резиденцияны қорғау үшін қару қолдануға міндетті екенін де еске салған.

"Құрметті менің отандастарым! Мен үшін Қырғызстандағы бейбітшілік пен елдің тұтастығы, халқымыздың бірлігі және қоғамдағы тыныштық бәрінен бұрын тұрады. Мен үшін елімнің әрбір азаматының өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Мен билікті күшпен ұстамаймын. Қырғызстан тарихында өз азаматтарына оқ атып, қан төккен президент ретінде қалғым келмейді. Сондықтан отставкаға кету туралы шешім қабылдадым, – деді президент.

Жээнбеков өз мәлімдемесінде Жапаровты және басқа саясаткерлерді өз жақтастарын ел астанасынан шығарып, Бішкекте бейбіт өмір орнатуға шақырды.

Оқи отырыңыз: "Қызметтен кетуге дайынмын": Қырғызстан президенті өз шарттарын атады

Айта кетейік, 5 қазанда парламенттік сайлаудың нәтижелеріне наразылық білдірген азаматтар митинг өткізіп, "Ақ үй" мен ұлттық қауіпсіздік комитетін басып алды. Нәтижесінде елде дүрбелең туып, 9 қазанда Жээнбеков елді құқықтық даму жолына түскеннен кейін отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген.

Сооронбай Жээнбеков 2017 жылдың 15 қазанында президент болып сайланып, 24 қарашада қызметіне кірісті. Ол 54,76 пайыз дауысқа ие болған еді.