Қоғам

Аяқта сүйретпе, үстінде спорттық киім: Қорғас кеденіндегі былықты кім реттеп жүр

БАҚ өкілдеріне Қорғас кеден бекетінен өте алмай, шекарада айлап жатқанын айтып арызданған жүргізушілер ақыры сол кезектен де айырылып қалған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан – Sputnik. Шекарадағы былықты тілшілерге жайып салғанғаннан кейін жергілікті атқамінерлер осындай қадамға барған, деп хабарлайды КТК арнасы.
1 700-ден астам жүк көлігінің нөмірі жазылған тізімді көз алында жойып жіберген соң, мәселенің мән-жайын анықтауға жүргізушілер Панфилов ауданы әкімінің кеңсесіне іздеп барды. Алайда табалдырықта сағаттап күткізіп қойған шенеунік сол күйі төбе көрсетпеген.

Қаптаған жүргізуші Қорғастың қақпасынан өте алмай, бірнеше айдан бері шекарада қаңғып жүр. Кеденде кептеліп тұрмасын деп, жергілікті шенеуніктер оларды жүк көліктерімен қоса құрғақ портқа жіберген. Кезегіне жете алмағандарының алды үйіне қайтса, Ақтөбе, Атырау, Өскемен мен Қызылорда сияқты алыс аймақтан келгендері екі көзі төрт болып, көліктің ішінде қонып жүр.

"Өзім алысқа қатынайтын жүргізушімін. Бұл жерде жігіттердің 50 пайызын танимын. Міне, кузовтың үстіне тамақ істеп жатыр. Бір ай тұрған көліктің аккуммуляторы өледі. Оны қуаттауға апарып қоясың. Машина жүрмегеннен кейін ішінде автоном пеш қосып, жылынып, кейбір жігіттер ауырып жатыр. Жағдай солай, ешкім қарап жатқан жоқ", – дейді жүргізуші Бауыржан Мақсұтов.

Жүргізушілердің айтуынша, мұнда кезегін күтіп 1 785 көлік тұр. Ал жергілікті шенеуніктер 641 көліктің кіріп, 1 144-і қалған дейді. Бірақ атқамінерлердің мұндай ақпаратына жүргізушілер аң-таң. Себебі, сонау тамыздың басында келген жүк көліктерінің бірде-біреуі әлі орнынан қозғалмапты.

Жаздан бері кезегіне жете алмай жыларман болған жүргізушілердің айтуынша, бекеттен өтудің бір-ақ жолы – пара беру.

"Бұл тізімге жігіттер кіріп-шыққан. Бес мың доллар беріп, тізімге ілініп, кіріп жатыр. Сөз жоқ! Оны осы жердегілер сұрап жатыр. 5 мың доллар бересің де бір жерден барып, шөп пе, пісте ме, басып келесің, кіресің", – дейді Есбол есімді тағы бір жүргізуші.

Қорғастағы кептелісті реттеумен аудандық спорт бөлімінің басшысы айналысып жатыр. Жергілікті әкім жүргізушілердің мәселесін шешеді деп соны тағайындапты. Аяғына сүйретпе, үстіне спорттық киім киген шенеунік жүргізушілердің "әкім ауызбастырық алады" деген сөзін теріске шығарып, бастығына шаң жуытпады.

"Қайталанғандарды тізімнен алып жатыр ғой. Сіз Гокарко деген сайтқа кіріп көріңізші...", – деді Панфилов аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерғали Қонашов.

Бірақ солай деуі мұң еді, сайттағы тізім аяқ асты өшіп қалды.

Айлап тұрған тізімдерінің өшіп қалғанына ашынған жүргізушілер кеденге баратын жолды жауып тастамақ боп оқталған. Алайда аяқ асты тәртіп сақшылары пайда болып, ашулы топты тоқтатты. Сол арада аудан әкімінің өзі хабарласып, жүргізушілерді кездесуге шақырды. Жанайқайының жоғарыға жеткеніне қуанған топ, алып-ұшып әкімдікке барғанымен мұнда да оңбай алданды.

"Айналма жолда жүр. Түскі ас кезінде тексеретін нысандар болады. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр бізде. Соларды тексереді", – деді Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағат.

Жаздан бері жүк көліктерінде түнеп, қаңғыбасқа айналуға шақ қалған жүргізушілер әкімді іздеп кеңсесіне келген. Алайда атқамінер мұнда да ұстатпады. Кездесуге өзі шақырып алған шенеунік басқа жұмыс шығып қалғанын айтып, жүргізушілерден қашып жүр. 

Оқи отырыңыз: Қытай "Қорғас" орталығындағы өз аумағына сақалды адамдарды кіргізбей жатыр

Жүргізушілер енді қайтерін білмей дал. Жергілікті шенділерден күдер үлген олар мәселе жоғарғы жаққа жетсе деген жалғыз тілекпен ғана отыр.