Өңірлер

Ақмола облысында жаңа карантиндік шектеулер енгізілді

16 қазаннан бастап 65 жастан асқан тұрғындардың далаға шығуы шектеледі. Қызметкерлердің 80%-тен астамы қашықтықтан жұмыс істеуге көшіріледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан - Sputnik. Ақмола облысында ертеңнен бастап карантин шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды "Хабар24" сайты.

65 жастан асқан тұрғындардың далаға шығуы шектеледі. Өйткені соңғы уақытта коронавирусқа шалдыққандар арасында егде жастағы жандар көп. 

Отыз адамнан астам жұмыс істейтін мемлекеттік қызметтегі, квазимемлекеттік ұйымдардағы қызметкерлердің 80%-тен астамы қашықтықтан жұмыс істеуге көшіріледі.

Сауда ойын-сауық орталықтары, дүкендер, жабық базарлар кешкі жетіге дейін істейді. Демалыс және мереке күндері жабық болады.

Бұл халыққа қызмет көрсету орталықтары мен діни нысандарға да қатысты.

Дәмханалар мен мейрамханалар ғимарат ішінде тек 30 келушіні қабылдай алады. Көпшілік жиналатын шараларды өткізуге тыйым салынды.

"8-14 қазан аралығында бір аптада 42 жағдай тіркелсе, өткен аптада 30 адам індетке шалдықты, өсім 28%", - деді өңірдің бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина.

Оның айтуынша, әзірге блок бекеттер орнату қажет емес.