Оқиға

Нұр-Сұлтанда көпқабатты тұрғын үйден өрт шықты – видео

Әлеуметтік желіде "Кенесары" тұрғын үй кешенінде шыққан өрттің видеосы тарап жатыр
Sputnik

АЛМАТЫ, 14 қазан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда "Кенесары" тұрғын үй кешенінде ірі өрт болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Өрт кезіндегі видео Instagram желісінде бірнеше парақшада жарияланды. Видеодан түтіннің бірнеше пәтерге тарағанын көруге болады.

Sputnik Қазақстан ақпарат агенттігіне қаланың төтенше жағдайлар департаменті өрт жайлы ақпарат берді.

"14 қазанда Сарыарқа көшесі, 11-үй мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің жетінші қабатының балконынан түтін шығып тұрғаны туралы хабарлама түсті. Сағат 09.21-де өрт орнына 20 адам және алты техника жіберілді. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келген соң жетінші қабатта он шаршы метр аумақта үй заттары мен терезе жақтауларының жанғанын, сондай-ақ, сегізінші қабаттағы балконға зақым келгенін анықтады", - делінген хабарламада.

Тұрғындар өз бетінше қауіпсіз жерге эвакуацияланған.

Өрт 09.32-де ауыздықталып, 09.48-де сөндірілді.

ТЖ департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт сөндірушілер төрт адамды құтқарды, оның үшеуі – бала.

"Зардап шеккендер жоқ, қазір құтқарылғандар №1 қалалық ауруханаға және №2 қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Олар жеңіл түрде уланып қалған. Ауруханаға жатқызу туралы қосымша хабарланады", - деді баспасөз қызметі.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

"Кенесары" тұрғын үй кешені – Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданындағы (оң жағалау) Сарыарқа даңғылы мен Кенесары көшесінің қиылысында орналасқан 12 қабатты үй.