Қоғам

"Жала жауып жатыр": Майғазиев шулы бағдарламаға не үшін барғанын түсіндірді

Сәкен Майғазиев қазақ эстрадасында фонограммамен әнші болып жүрген қыз-жігіттердің 90 проценті жанды дауыста ән салуға қабілетті екенін айтты
Sputnik

АЛМАТЫ, 14 қазан – Sputnik. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәкен Майғазиев отандық тілшіге сұқбат беріп, фонограммаға шектеу қоятын заңға қатысты ойы мен көрші елдерде болып жатқан жағдайларға қатысты пікірін білдірді. Сондай-ақ ол кейінгі кезде қызу талқыға түскен "Тәлім тренд" бағдарламасына не себепті барғанына да тоқталды.

"Атой салып аттандап жүрген азаматтың бірімін. Біз фонограмманы ұмытқалы қашан?! Алайда телевизияда түрлі бағдарламаға барған кезде фонограммамен ән шырқауға өздері ұсыныс жасайды. Егер концерттің жарнамасында кештің қалай өтетіні, әншінің қалай ән салатыны айтылса, көрермен алданбайды. Бағасы да соған қарай қойылады. Кімнің қалай ән шырқап жатқаны сахнада көрініп тұрады. Ал "Музарт" 2005 жылы вокалды-аспапты ансамбль болып құрылғаннан кейін Қазақстанды, алыс-жақын шет елді аралап шықты. Барлық жерде халықпен қосылып, әнді бірге шырқаймыз. Сондықтан біздің жүзіміз жарық", – деп бастады сөзін әнші.

Айтуынша, қазақ эстрадасында фонограммамен әнші болып жүрген қыз-жігіттер жетерлік, алайда әншілердің басым бөлігі жанды дауыста ән салуға қауқарлы.

"Кейінгі кезде әншілердің бағасын түсіру секілді мәселелерді көп алға тартып жүр. Ең бастысы халықтың көзі түзу болсын. Халық өзі кімнің әнші, кімнің шегіртке, кім бұлбұл екенін өзі-ақ анықтап алады. Бізде 90% әнші жанды дауыста ән шырқай алады", – дейді Майғазиев.

Сондай-ақ, ол өнер адамдарының жиі сынға ұшырап, жеке өмірі сөз болатынына тоқталды. Айтуынша, өнер адамының сүрінгенін жығылу деп бағалайтындар бар.

"Түлкінің қызылдығы өзіне сор. Егер танымал адам ажырасатын болса, ол бірден көзге түседі. Егер басқа саланың маманы ажырасса, оны ешкім әңгіме етпейді. Неге әншілер көп ажыраса береді деп сұрайды. Олар Ескендір Хасанғалиевті, Мирас пен Құралайды, Жазира мен Жанболатты, Қыдырәлі мен Қарақатты неге айтпайды?! Біздің сүрінгеніміз жығылған болып көрінеді. Кез келген жағдайда біз көрініп қаламыз", – дейді әнші. 

"Қырғызстандағы жағдай – үлкен қателік"

Сәкен Майғазиев мәдениет туралы сөз қозғалғанда көрші елдерде болып жатқан жағдайдан мысал келтірді. Ол Беларусь еліндегі дүрбелең кезінде де халықтың мәдениеттілікті сақтап қалғанын тілге тиек етті.

"Көрші бауырлас Қырғызстандағы жағдайды Беларусь еліндегі көтеріліспен салыстырсақ, беларусьтар аяқ киімін шешіп, орындыққа нәскимен шығып тұр. Олар бір-біріне қоқан-лоқы көрсетіп, біреудің бизнесіне кедергі келтірген жоқ. Қырғызстандағы жағдай – үлкен қателік. Ол жақта да қанша адам зардап шекті, қаншама бизнес тоқтап қалды. Ақ үйге кірген кезде қаншама компьютер қирады. Ертең соған бюджеттен ақша бөлінеді. Содан не пайда?", – дейді Майғазиев.

Біздің елде де аш отырған адам көп. Ертең сондай қадамға барса, кім кімді кінәлай алады?! Әркім өзін тәрбиелеуі керек, отбасын тәрбиелеуі керек, деп толықтырды әнші.

"Тәлім тренд" жайлы

Сұқбат барысында Сәкен Майғазиев ұлттық арнада жақында көрсетіле бастаған "Тәлім тренд" бағдарламасы жайлы ойын айтты. Ол бағдарламаны айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек жүргізеді. Сәкен Майғазиев бағдарламаның қазіргі әндер жайлы шығарылымына қатысқан болатын.

"Бағдарлама барысында мен үш рет "Алла" деп айтқан шығармын. Бірақ Мұхамеджан Тазабек бір рет те аузына алған жоқ. Ол жерде дін туралы әңгіме болған жоқ. Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай әндері, кешегі "Гәкку" қандай еді деген әңгіме қозғалды. Қазір рэп оқып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жүргендер жайлы, сырға тағып, мұрын тескендер жайлы жасалған бағдарлама болды", – деді Майғазиев.

Бағдарламаны көрмей жатып, көпшілік жала жауып жатыр, деп түйіндеді сөзін әнші.

Айта кетейік, бұған дейін Мұхамеджан Тазабек бағдарламаның ұлттық арнадан көрсетілуіне қарсы болғандарға жауап берген болатын.

Оқи отырыңыз: Қазір иттің итақайы әнші болып жүр – Рамазан Стамғазиев