Әлем

АҚШ-тағы президент сайлауы: Ресей кімді қолдайды?

Президент сайлауында кімнің жеңетініне қарамастан Ресей мен АҚШ-тың арасындағы қарым-қатынас бұрынғыша сақталады, деді Лавров
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 қазан – Sputnik. Ресей америкалықтардың қолдауына ие болатын президентпен жұмыс істейтін болады. Бұл – Мәскеудің негізгі ұстанымы, деп мәлімдеді Ресей Федерациясының сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

"Путин Америка халқының қолдауына ие болған президентпен және сол әкімшілікпен жұмыс істейтінімізді айтты. Бұл – біздің түбегейлі ұстанымымыз. Дәл осы жерде бізге ешнәрсе өзгертудің қажеті жоқ", - деді Лавров Радио Sputnik-ке берген сұқбатында.

Оның айтуынша, АҚШ-тағы екі партия да президент сайлауына Ресейдің араласып жатқанын мәлімдеген. Жеңілген жақ осы іспетті мәлімдемелерді әлі де жасайды. 

"Иә, ертең жеңілген жақ бәрібір сондай мәлімдеме жасайды. Қазірдің өзінде екі партия – республикалықтар мен демократтар бірін-бірі айыптап, орыстардың билікке бәсекелестің біреуін алып келуді тырысып жатыр дейді. Осы орайда тағы бір нәрсені атап өткен жөн. Біздің арамыздағы жағдай түбегейлі өзгермейді. Енді, белгілі бір нюанстар болуы мүмкін. Бірақ қатты өзгеріс болмайды", - деді министр.

Айта кетейік, 3 қараша күні АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Бүгінде бірқатар штатта мерзімінен бұрын дауыс беру басталды. АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп екінші рет сайлауға түсіп отыр. Оның қарсыласы – демократиялық партияның кандидаты Джо Байден.