Экономика

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі біршама өсті

Көлік, сауда, әкімшілік қызмет көрсету, жылжымайтын мүлік операциялары, тамақтану салаларында, керісінше, төмендеу байқалып отыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қазан – Sputnik. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім минус 3%-тен минус 2,8%-ке дейін жақсарды. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Қыркүйек айында экономикалық үрдістердің позитивті жаққа өзгеруі байқалды. Қызметтер саласында жұмыс қайта белсенді бола бастады. Нақты секторда өсу сақталуда. Қыркүйекте өсім көрсеткен салалар саны артып, экономика жандана бастады. Нәтижесінде, жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 8 айдағы минус 3%-тен 9 айда минус 2,8%-ке дейін жақсарды", - деді Дәленов үкімет отырысында. 

Айтуынша, жылдық инфляция 7,0% деңгейінде сақталды. 

Нақты секторда өсу 2,2%-ке дейін жеделдеген. Нақты сектор салаларының көбінде және жекелеген қызмет түрлерінде өсім байқалуда. Олар құрылыс ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі. 

Көлік, сауда, әкімшілік қызмет көрсету, жылжымайтын мүлік операциялары, тамақтану салаларында, керісінше, төмендеу байқалып отыр. Бұл жыл басынан бергі көрсеткіштер. 

"Егер қыркүйек айын жеке қарастырсақ, онда қызмет көрсету салаларының көбінде өсім қалпына келе бастады. Өсу факторлары – экспорт, өндіріс, өндіруші емес секторларға тартылған инвестициялар", - деді министр. 

Бұл ретте, экспорт 8 айда 31,9 миллиард долларды құраған. Дайын және өңделген өнімдердің экспорты ұлғайды. 

9 айда өңдеу өнеркәсібінде өсім жалғасты. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, жалпы экономика бойынша инвестициялар өсуде.