Қоғам

Қазақстандықтар қайтыс болғаннан кейін ағзаны алуға келісіп-келіспейтінін қалай рәсімдейді

Бұған дейін қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісіп-келіспейтінін білдіру үшін тіркелген емханаға барып, өтініш жазу қажет болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қазан – Sputnik. Электронды үкімет порталында қайтыс болғаннан кейін трансплантация үшін тіндерді немесе мүшелерді алуға келісім беру немесе бас тарту бойынша онлайн қызмет іске қосылды, деп хабарлайды "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ баспасөз қызметі.

"Биыл мамыр айында заңға түзетулер енгізілді, ол халық арасында үлкен қолдау тапты. Бүгін халықтан алынған кері байланысты ескеріп, органдарды алуға келісімді рәсімдеуге немесе бас тартуға мүмкіндік беретін қызмет әзірленді. Бұрын бұл үшін сіз тіркелген емханаға барып, өтініш жазуыңыз қажет болатын, қазір – үйден шықпай-ақ рәсімдей аласыз", - деп түсіндірді басқарма төрағасы Әсет Тұрысов.

Қызметті алу үшін eGov.kz порталында "Денсаулық сақтау" бөлімінде авторизация жасау қажет. Осыдан кейін "Транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейін тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алуға көзі тірісінде өз еркімен келісуді немесе келісімді қайтарып алуды тіркеу" қызметін таңдау керек.

Бұдан әрі қолданушы өтініш түрін таңдайды: "Келісімді қайтарып алуды тіркеу" немесе "Келісімді тіркеу".

Келісім берген жағдайда, қолданушыға қандай органдарын алуға болатынын көрсету мүмкіндігі беріледі.

Тағы оқыңыз: Дәрігер жұртты донор болуға қатысты ұстанымын тірі кезінде білдіріп кетуге үндеді

Биыл жазда президент "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекске қол қойған еді.

Оған сәйкес, енді қайтыс болған адам көзі тірісінде донор болуға келісетінін немесе келіспейтінін білдірмесе, онда оның органын алу үшін жұбайының немесе жақын туыстарының жазбаша рұқсаты қажет.

Бұдан бөлек, Қазақстан аумағынан адам ағзалары мен тіндері тек шетелде ем алып жатқан Қазақстан азаматына медициналық көмек көрсету үшін ғана шығарылады.