Экономика

Григорий Марченко жаңа қызметке тағайындалды

Еуразия даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов жаңадан тағайындалған кеңесшісін ұжымға өзі таныстырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 қазан – Sputnik. Танымал қазақтандық қаржыгер Григорий Марченко Еуразия даму банкі төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалды.  

60 жастағы Григорий Марченко екі рет Қазақстанның ұлттық банкін (1999-2004 және 2009-2013 жылдары) басқарған. Ал 2005-2009 жылдары аралығында  "Қазақстан халық жинақ банкі" АҚ (Halyk Bank) басқарма төрағасы болды. Сондай-ақ, президенттің штаттан тыс кеңесшісі және көмекшісі, премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2013 жылдың қазан айынан бастап тәуелсіз сарапшы болған.

Оқи отырыңыз: Тоқаев кадрлық ауыс-түйіс жасады 

Еуразия даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов жаңадан тағайындалған кеңесшісін ұжымға өзі таныстырды.   

"Григорий Александровичті Евразия даму банкінің командасына қосылғанына қуаныштымын. Оның қаржы және банк саласындағы кәсіби біліктілігі мен тәжірибесі өте пайдалы болады және еуразиялық интеграция процестерін жан-жақты қолдау мен ілгерілету жолындағы ЕАДБ-ның рөлін барынша көтеру сияқты акционерлер қойған мақсат-міндеттерді орындауға көмектеседі деп білемін", - деді Подгузов.

Евразия даму банкі – 2016 жылы Қазақстан мен Ресейдің бастамасымен құрылған халықаралық қаржы ұйымы. Негізгі мақсаты – қатысушы мемлекеттердің нарықтық экономикасын дамытуға ықпал ету және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту. ЕАДБ-ның жарғылық капиталы – 7 миллиард доллар. Қатысушы мемлекеттер – Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Тәжікстан.