Өңірлер

Сарапшылар Алматы облысында салынып жатқан спорт кешенінің құлау себебін анықтады

Индустрия министрлігінің комитеті облыс әкімдігіне заң бұзушылыққа жол бергендерді жауапқа тарту жайлы хат жолдады
Sputnik

АЛМАТЫ, 12 қазан – Sputnik. Алматы облысының Шонжы ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің құлауына не себеп болғаны анықталды. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті хабарлады.

Апаттың себебін анықтау үшін оқиға орнына Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының ("ҚазҚСҒЗИ" АҚ) мамандары жіберілді.  

"Тексеріс нәтижесі бойынша апат "9" және "10" өстері бойындағы фермаларда басталғаны анықталды. Апатқа жайластырылатын цемент-құм тұтастырғысына түсетін жүктеменің белгіленген жобалық мәнінен асып кетуі себеп болған. Сонымен қатар, жартылай фермалардың жоғарғы және төменгі белдіктерінің қосылыстарын монтаждау тораптары әр түрлі көлемдегі алты бұрандамамен бекітілген, бұл жобадан ауытқу болып саналады", - дейді құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мамандары.

Тік жүктемелер кезінде фермалардың монтаждау тораптары алшақтай бастайтыны аталып өткен. Бұл бір бұранданың үзіліп,  көлденең жүктемелердің фермалардан бағандарға берілуіне және 3-блок конструкцияларының біртіндеп құлауына әкелген.

"Осылайша, 3-блоктағы апаттың себептерінің бірі бекітілген жобалау шешімдерінен ауытқу деп санауға болады", - деп атап өтті мамандар.

Сонымен қатар, жобалау құжаттамасында бағандармен қосылу тораптары көрсетілмеген және фермалардың тірек тағандарының құрылымы сипатталмаған, 2-блокқа жанасатын жерде 3-блок жабынының деңгейінде деформациялық жіктерді орнату бойынша шешімдер келтірілмеген. Осыған байланысты жобалық қателіктер болғаны жоққа шығарылмайды.

Комитет Алматы облысының әкімдігіне қолданыстағы заңнаманың бұзылуына жол берген тұлғаларды (мердігер, техникалық және авторлық қадағалау) жауапкершілікке тарту туралы тиісті хат жолдады.

"Бомба түскендей шулап жатыр": әкімдік спортзалдағы оқиғаға қатысты түсініктеме берді

Апаттың себептері туралы түпкілікті тұжырымдар блоктың тірек конструкцияларының элементтерінен іріктеп алынған үлгілерді есептеу және зертханалық сынау нәтижелері негізінде жасалады.

Еске сала кетейік, 21 қыркүйек күні Шонжы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің үшінші блогының жұмсақ жабынын орнату жұмыстары кезінде металл конструкциялар құлады. Құлаған блоктың ауданы 1058,4 шаршы метрді құрады. Ғимараттың бірінші және екінші блоктарына әсер еткен жоқ. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Нысанның құрылысы 2019 жылдың қараша айында басталды және 2021 жылдың қаңтарына дейін аяқталуы тиіс. Жобаға 1,1 миллиард теңге бюджет қаражаты бөлінген.