Әлем

Қырғызстан үкіметі отставкаға кетті

Сооронбай Жээнбеков үкімет пен премьер-министрді отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойғаны хабарланды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 қазан — Sputnik. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков премьер-министр Кубатбек Бороновты отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл көрші елдің үкіметі толықтай отставкаға кетті дегенді білдіреді.

Жарлыққа сәйкес, премьер-министр, бірінші вице-премьер-министр, вице-премьер-министрлер, үкімет мүшелері Қырғызстан үкіметінің жаңа құрамы бекітілгенге дейін міндеттерін атқаратын болады, деп хабарлайды Қырғызстан президентінің ресми сайты.

Жарлық қол қойған күннен бастап күшіне енеді.

Кубатбек Боронов отставкаға кетуге өзі өтініш білдіргені хабарланып отыр.

Қырғызстандағы қақтығыс

Еске сала кетсек, көрші елде парламенттік сайлау қорытындысына наразы болғандар митингіге шықты. Олар 6 қазан күні Ақ үйді басып алып, күш құрылымдарының басшылары ауысты.

Жұма күні Жээнбеков Қырғызстан халқына үндеу жасап, қызметтен кетуге дайын екенін мәлімдеді. Ол өзінің шарттарын атады.