НҰР-СҰЛТАН, 9 қазан – Sputnik. Нұр-Сұлтан әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен COVID-19 екінші толқынына дайындық және мобильді топтар жұмысы талқыланды.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың COVID-19 екінші толқынына дайындық туралы тапсырмасы аясында елордада карантин шараларының сақталуына мониторинг және бақылау жөніндегі шараларды күшейту туралы бұйрық берілді.
Оқи отырыңыз: Денсаулық министрлігі індетті жұқтырғандар саны қайта көбейіп жатқанын мәлімдеді
Ойын-сауық мекемелері, қоғамдық тамақтану ұйымдары – дәмханалар, мейрамханалар, караоке, барлар, сауда орталықтары мен базарлар ережені жиі бұзады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мобильді топтар жұмысын күшейтуді және кәсіпкерлік субъектілеріне күнделікті түнгі және күндізгі рейдтер жүргізуді, карантинді бұзушыларды жауапкершілікке тартуды тапсырды.
"Сонымен қатар, COVID-19 екінші толқыны болған жағдайда дәрі-дәрмек жетіспеушілігі мен дәріханаларда бағаның өсуіне жол бермеу қажет. Жауаптылар дәрі бағасын қатаң бақылауға алуы керек. Басқа елдерден келетіндер үшін міндетті ПТР тестілеу қажет", – деді Мәкен.
Маска тағу тәртібін сақтамаған азаматтарға да шара қолданылады. Жиналысты қорытындылай келе, жиналғандар COVID-19 таралуына жол береу және алдын алуға бағытталған шешімдерге қолдау білдірді.