Қоғам

Елорда полициясында егіздердің үш бірдей жұбы жұмыс істейді

Айдын және Айдан есімді егіз інілері бар Арнат пен Архат ата-анасына өз қолдарымен үй салып беруді армандайды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 қазан – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа аудандық полиция басқармасында егіздердің үш бірдей жұбы қызмет етіп жүр, деп хабарлайды Polisia.kz.

"Погон тағу біз үшін зор абырой"

Әріптестері егіздерді әлі күнге дейін шатастырады. Тіпті, ренжітіп алмау үшін қос атты бірге айтатын көрінеді. Шен таққан егіздердің бір жұбы – Гүлмира мен Альмира. Олар – 34 жаста, екеуі де полиция майоры. Қазіргі уақытта Сарыарқа ауданының полиция басқармасында кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болып жұмыс істейді. Егіздер ішкі істер саласында 2005 жылдан бері қызмет етіп келеді, ал елордамызға осы жылдың шілде айында ғана ауысып келген.

Гүлмира мен Альмира Семей қаласында туған. Сол жерде орта мектепті тәмамдап, Ақтөбедегі ішкі істер министрлігінің заң колледжіне оқуға түсті. Ал еңбек жолын Өскемен қаласында инспектор болып бірге бастаған. Одан кейін түзеу мекемесінің әйелдер колониясында жұмыс істеді. Біреуі жасақ бастығы болса, екіншісі теолог-инспектор қызметін атқарған.

"Біз үшін ішкі істер саласында қызмет етіп, погон тағу зор абырой. Әсіресе, ата-анамыз жетістіктерімізге ерекше қуанады. Ювеналдық полиция бөліміндегі қызметке дейін әйелдер колониясында еңбек еттік. Ол жақтағы жауапкершілік пен міндет те өзгерек еді. Мен адам өлтірген қылмыскерлермен, ал сыңарым террористермен және жат діни ағымда жүргендермен тығыз жұмыс істеді", – дейді Гүлмира.

Ол Альмираны "әпке" деп атайды. Себебі, өзінен 15 минутқа ерте дүниеге келген. Қазір Альмираның он жасар қызы мен алты жасар ұлы бар, ал сіңлісі әлі тұрмыс құрмапты.

Үйлену тойын бір күнде жасаймыз

Сарыарқа аудандық полиция басқармасында қызмет атқарып жүрген Архат пен Арнат да бір күнде дүниеге келген. Жас криминалистер ақпан айында тәжірибеден өтіп жүргенде пандемия басталып кеткен. Сол кезде карантин енгізіліп, құқық қорғаушылардың жұмысы көбейген. Содан егіздер тәжірибеден кейін бірден қызметке қабылданды.

Арнат пен Архат Жамбыл облысының Меркі ауданында туған. 2004 жылы отбасыларымен бірге елордаға қоныс аударыпты. Кезекшілікте бір-бірін алмастырып жүретін егіздерді әріптестері ұдайы шатастырады екен.

"Біз әскери тәртіпке мектеп кезінен дағдыландық. Ең бастысы, жұмысымыз екеумізге де ұнайды. Өмірдің әр сатысына бірге шығып келеміз. Ер бала болғандықтан ба, әлде жаратылысымыз солай ма, кей егіздер сияқты бір-бірімізді қатты сеземіз деп айта алмаймын. Мысалы, Арнат ауырғанда, менде ешқандай өзгеріс болмайды. Яғни, физиология тұрғысынан осылай. Ал тамаққа талғамымыз, өмірге көзқарасымыз бірдей", – дейді Архат.

Арнат пен Архаттың Айдын және Айдан есімді егіз інілері де бар екен. Болашақта ата-анасына өз қолдарымен үй салып беруді армандайды.

Полиция басқармасында қызмет ететін егіздердің үшінші жұбы – Ерлан мен Ербол Қасымхановтар. 23 жастағы егіздер учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істейді.

"Мектепте оқып жүрген кезімізде біз кішкентай ғана бөлмеде тұратынбыз. Спорт мектебіне барып, жаттығып жүрдік. Содан бір күні жаттығудан келген соң бейнероликтен "Жас ұлан" мектебіне қабылдау жүріп жатқанын білдік, бақ сынап көрдік. Алғашқы екі ретінде түсе алмадық, үшінші рет тапсырғанда оқуға қабылдандық. Ең қызығы, Архат, Арнат, Ербол төртеуміз параллель сыныптарда оқығанбыз", – дейді Ерлан.

Оқи отырыңыз: Полицей әйел жалғызбасты әкеге үш баланы тәрбиелеуге көмектесіп жүр – видео

Ерлан мен Ербол әртүрлі учаскелерде қызмет етеді. Алайда, бір-бірімен үнемі ақылдасып, тәжірибе алмасып тұрады. Тіпті, үйлену тойларын да бір күнде өткізуді армандайды.