Өңірлер

Оқушылар екінші тоқсанда қалай оқиды – Алматы білім басқармасы жауап берді

Білім басқармасының өкілі қазіргі таңда қаладағы оқушылардың 96 проценті қашықтан оқып жатқанын айтты
Sputnik

АЛМАТЫ, 8 қазан – Sputnik. Алматы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов қалада эпидемиологиялық жағдай жақсарса, ең алдымен 1-4 сынып оқушылары дәстүрлі форматқа көшетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Жұманов "Оқушылар екінші тоқсанда қалай оқиды?" деген сұраққа жауап берді.

"Халықтың сырқаттану деңгейі тұрақты түрде төмендеген кезде оқытудың дәстүрлі форматына кезең-кезеңімен көшу мәселесі қаралады. Ең бірінші кезеңде барлық санитарлық қауіпсіздік шарасын сақтай отырып, қалыпты режимге 1-4 сынып оқушылары көшеді. Екінші кезеңде 5-11 сынып оқушылары өтеді", - деді Қайрат Жұманов.

Оның айтуынша, бұл Алматы қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментімен бірлесе шешіледі.

"Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жүргізген талдау нәтижесі бойынша қалада сегіз оқушы коронавирус инфекциясын жұқтырған. Олар қашықтан оқыған. Ал мектепте кезекші сыныптарда оқитындар арасында инфекция жұқтырғандар жоқ", - деді Жұманов.

Оқи отырыңыз: Қашықтан оқыту қашан аяқталады – Аймағамбетов эксклюзивті сұқбат берді 

Сонымен қатар брифинг кезінде білім басқармасының өкілі қазір қалада оқушылардың 96%-і қашықтан оқып жатқанын айтты. Сондай-ақ, жаңа оқу жылында қашықтан оқуды ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен 42 мың дана және үкіметтің резервтік қорынан 38,5 мың дана компьютер техникасы сатып алынған.