Өңірлер

"Жер тұтастығына қауіп төнбей ме?": депутат миллиондаған тұрғын үшін алаңдаулы

"Ауыл – ел бесігі" жобасының қолға алынғанына екі жыл өтсе де, көп жұмыс атқарылған жоқ, деп қынжылды сенатор
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қазан – Sputnik. "Ауыл – ел бесігі" жобасы жүйелі жасалмаған. Ал атқарушы органдар осы бастамаға атүсті қарайды. Бұл мәселені сенатор Әли Бектаев үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенатордың айтуынша, "Ауыл – ел бесігі" жобасының қолға алынғанына екі жыл өтсе де, көп жұмыс атқарылған жоқ. Ал мамандардың зерттеулері мен халықпен болған кездесулер атқарушы органдарының осы маңызды бастамаға жауапсыз қарағанын көрсетіп отыр. Жобаның өзі де жүйелі жасалмаған.  

"Ауыл – ел бесігі" жобасы бас-аяғы жинақталған түрлі бағдарламаның басын біріктіретін және жауапты ұйымдардың жұмысын үйлестіретін жан-жақты ойластырылған жүйелі құжат ретінде жасалмаған. Бір қарағанда, түрлі шаралардың жиынтығы сияқты. Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бір бөлігі ғана болып қалған", - деді Бектаев сенаттың жалпы отырысында.

Депутаттың сөзіне қарағанда, жобаға енгізілген тіректі және спутниктік елді мекендерді іріктеу принциптері түсініксіз. 3 561 елді мекенді құрайтын тізімде, көбінесе, аудан орталықтары мен олардың айналасындағы ауылдар ғана қамтылған. Ал шалғай елді мекендердің көпшілігі назардан тыс қалып отыр. 

"Жобаны жасау барысында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі ескерілмеген. Мәселен, өткен жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға барлығы 448 миллиард теңге бөлінсе, соның тек 1,6 миллард теңгесі ауылдарда тұрақты жұмыспен қамтитын 22 жобаға ғана берілген. Ал 2020 жылы ауыл аумақтарында ашылатын 20 мың жұмыс орындарының 800-і ғана тұрақты болмақ. Яғни, әр төрт елді мекенде орта есеппен бір ғана тұрақты жұмыс орны құрылады деген сөз", - деп атап көрсетті Бектаев.

Осы орайда сенатор үкімет басшысынан ауыл халқының өміріне қатысты қандай зерттеулер жасалғанын және елді мекендерді іріктеудің көрсеткіштері туралы жауап беруді сұрады. 

"Ешбір бағдарламада қамтылмай қалған 2 847 елді мекенді "әлеуеті төмен және келешегі жоқ" деп айтуға бола ма? Егер солай болса, онда сол ауылдарда өмір сүріп жатқан 1 миллионнан астам тұрғынның болашағы не болмақ? Елді мекендердің 40 процентке жуығы шекара бойында орналасқандықтан, олар жойылып кеткен жағдайда еліміздің және жеріміздің тұтастығына қауіп төнбей ме?", - деді Бектаев.

Бұдан бөлек, депутат он жылдың ішінде келешегі жоқ ауылдардың 92-ден 2 847-ге дейін қалай өсіп кеткенін түсінбей отыр. Оның ойынша, "Ауыл – ел бесігі" жобасын ұлттық бағдарлама ретінде қайта қабылдау қажет.

Айта кетейік, 2019 жылы 27 сәуірде өткен Nur Otan партиясының XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Ауыл – ел бесігі" жобасын ұсынған болатын. Оның негізгі мақсаты – ауылдағы өмірдің сапасын көтеру.