НҰР-СҰЛТАН, 8 қазан – Sputnik. Алматы облысында Қазақстан Қарулы күштерінің тарихында алғаш рет кешенді бітімгершілік оқу-жаттығу жиыны өтті. Оқу-жаттығу жиынын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бақылады, деп хабарлайды Ақорда.
Оқу-жаттығу жиынына десантшы-шабуылдаушы әскердің, әскери-әуе күштердің, әскери полицияның, әскери медициналық мекемелердің, Бітімгершілік дайындық жүргізу орталығы мен Минадан тазарту орталығының мыңнан астам әскери қызметшісі, 100-ден астам әскери және арнайы техника жұмылдырылды.
Әскерилердің алдында сөз сөйледі
Жоғарғы бас қолбасшы оқу-жаттығулар аяқталғаннан кейін әскери қызметкерлердің алдында сөз сөйледі. Президент Қазақстанның заманауи армиясы Ұлы даланың ержүрек батырларының даңқы мен әскери дәстүрлерін мұраға алғанын атап өтіп, мұны әрдайым есте ұстау керек екенін айтты.
"Біздің басты басымдығымыз – ынтымақтастық пен әріптестік. Сіздер халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға үлкен үлес қостыңыздар. Бітімгер болу дегеніміз – әлемнің елшісі болу деген сөз. Сіздер бұл міндетті абыроймен атқардыңыздар. Осындай оқу-жаттығу жиындарының арқасында әскери шеберліктеріңіз шыңдала түседі. Армиямыздың әскери рухы мен даңқы одан әрі арта түсетініне сенімдімін", – деді Тоқаев.
Ол бейбіт өмірде үлкен міндеттерді атқарып отырған әскердің айрықша рөліне назар аударды.
"Биыл біз ел болып пандемиямен күресудеміз. Осындай жауапты кезеңде әскери қызметшілер әрқашан алдыңғы шепте болды. Сарбаздар мен офицерлер отандастарының игілігі жолында нағыз әскери ерліктің үлгісін көрсетті. Пандемияға қарсы іс-қимыл шараларына атсалысқан барша әскери қызметкерлерге алғыс білдіремін", – деді президент.
Қақтығыс аймақтарына бітімгерлер тұрақты жіберіліп тұрады
Мемлекет басшысы елімізде ғана емес, бүкіл әлемде бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз етудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан әлемдегі тыныштықты сақтау мақсатымен қақтығыс аймақтарына бітімгершілік әскерін тұрақты жіберіп отырады.
Президент 2007 жылдан бері 35 қазақстандық әскери қызметші, оның ішінде төрт әйел азамат БҰҰ-ның Непалдағы, Кот-д’Ивуардағы, Батыс Сахара мен Ливандағы миссияларына штаб офицерлері мен әскери бақылаушылар ретінде қатысқанын айтты. 2018 жылы БҰҰ мандаты негізінде әрекет ететін алғашқы қазақстандық ротаның Ливанға жіберілуі еліміздің бітімгершілік әлеуетін нығайту үшін жасалған маңызды қадам.
"Қазіргі уақытта өз жауапкершілік аймағының бақылау-өткізу бекеттеріндегі әскери міндеттерін қазақстандық бітімгерлер ротасының төртінші құрамы атқаруда. БҰҰ бітімгершілік әлеуетінің дайындық жүйесіндегі міндеттер желісін кеңейту үшін Қазақстан саперлердің, әскери медицина қызметкерлерінің, барлау және әскери полицияның арнайы бөлімшелерін ұсынды. Бұл бөлімшелер қазіргі бітімгершілік операцияларында барынша сұранысқа ие", – деді Тоқаев.
Жоғарғы бас қолбасшы бітімгершілік даярлық оқу орталығы мұндай мамандарды жоғары деңгейде дайындайтынына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-жаттығу жиыны барысында әскери қызметкерлердің көрсеткен кәсіби біліктілігін атап өтіп, қазақстандық бітімгерлерге мінсіз жұмысы үшін алғыс білдірді.
Қазақстан барлық қақтығысты бейбіт жолмен шешуге үндейді
Президент БҰҰ құрылған сәттен бері әлем көптеген аймақтық және ұлтаралық қақтығыстардан арылмағанын өкінішпен жеткізді. Ол барлық қақтығысты саяси-дипломатиялық жолмен шешуге үндейтін Қазақстанның дәйекті ұстанымын, халықаралық құқықтың базалық қағидаттарын сақтау қажеттігін айтты.
"Бітпейтін" немесе "ұзаққа созылған" деп танылған аймақтық қақтығыстар БҰҰ Жарғысының қазіргі халықаралық құқықтың қайнар көзі және негізі болып табылатын басты екі қағидатының арасындағы түбегейлі қарама-қайшылықтарды айқындады. Бұл – мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен ұлттардың өз тағдырын өзі таңдау құқығы. Соңғы қағидат мемлекеттер тәуелсіздік алып, отарлықтан құтылған кезде өте өзекті бола түсті. Қазіргі уақытқа дейін әлем өзінің даму бағытын анықтады. Сондықтан бүгінде мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидаты бірінші орынға шығып, басымдыққа ие болды. Қазіргі қақтығыстарға баға беру кезінде БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын басшылыққа алуы тиіс", – деді ол.
Қарулы күштерді дамытудың перспективалары
Жоғарғы бас қолбасшы Қарулы күштерді дамытудың перспективаларына арнайы тоқталды.
"Екі мақсатты көздейтін" компоненттерді дамытуға басымдық беру қажет. Пандемиямен күрес тәжірибесі олардың сұранысқа ие екенін көрсетті. Атап айтқанда, біз әскери-көлік авиациясын дамытатын боламыз. Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныш әскерлері өз міндеттерін орындауға әрқашан дайын болуы тиіс", – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мұндай әскерлерді заманауи техникамен жабдықтауға басымдық беріліп, бұл жұмысқа отандық кәсіпорындар тартылуы қажет.
Мемлекет басшысы әскерді басқаруда цифрлық технологияларды дамыту қажеттігіне, сондай-ақ, кибер және ақпараттық кеңістіктегі тактика мен әрекеттердің стратегиясын пысықтауға көңіл бөлді.
Командирлерді жұмысынан себепсіз ажыратуға жол берілмейді
Тоқаев сержанттар мен офицерлерді дұрыс дайындамаған және ынталандырмаған жағдайда қуатты Қарулы күштер құру мүмкін емес деп есептейді.
Тағы оқыңыз: Ливанға тағы 60 қазақстандық бітімгер аттанды
"Біздің басты міндеттеріміздің бірі – сержанттық құрамға кәсіби әскери білім беру ісін дамыту. Бұл мәселені шешуде "Жас Ұлан" мектептерінің және Кадет корпусының барлық әлеуетін пайдалану қажет. Қалыптасқан жағдай командирлерге де ерекше талап қояды. Олар бақылаушы органдар тарапынан өткізілетін түрлі шараларға алаңдамай, қажетті бастама мен шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болуы керек. Егер әскери қызметшілердің тарапынан құқық бұзушылық деректері анықталса, олар заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылуы тиіс. Бірақ командирлерді жұмыстарынан себепсіз ажыратуға жол берілмейді. Бұл мәселелер құқық қорғау жүйесін реформалау аясында қарастырылуы керек", – деді президент.
Тоқаевқа не жайлы баяндалды
Оқу орталығының командалық пунктінде Жоғарғы бас қолбасшыға бітімгершілік полкінің жұмысы туралы баяндалды. Сондай-ақ, қазақстандық бітімгершілік полкіне жүктелген міндеттерді орындаудың жалпы алгоритмі туралы ақпарат берілді.
Сонымен қатар, президентке бітімгершілік базаның үлгісі таныстырылды. Мемлекет басшысы оқу орталығының инженерлік, лингвистикалық, тактикалық және медициналық сыныптарын аралап көрді.
Тоқаев бітімгершілік даярлық оқу орталығының инфрақұрылымымен танысқаннан кейін оқу-жаттығу жиынын бақылады. Оқу-жаттығу жиыны барысында бітімгершілік контингенттің гуманитарлық жүк тиелген колоннаны алып жүру кезіндегі іс-әрекеттері пысықталды.
Президент армияны және әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау мәселелері әрдайым мемлекеттің басты назарында болатынын атап өтті.