Экономика

Мамин Ресейдің мемлекеттік корпорацияларының басшыларымен кездесу өткізді

Қазақстанның премьер-министрі "Росгеология", "Росатом" және "Роскосмос" корпорацияларының басшыларымен кездесті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 қазан – Sputnik. Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мамин Мәскеуге жұмыс сапары аясында Ресей өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуровпен кездесті.

Тараптар өңдеу өнеркәсібіндегі (машина жасау, металл өңдеу, химия өнеркәсібі және т. б.) бірлескен жобаларды іске асырудың жай-күйі мен келешегі, сондай-ақ екіжақты форматта және ЕАЭО аясында сауданы кеңейту мәселесін талқылады.  

Оқи отырыңыз: Мамин мен Мишустин Мәскеуде кездесті 

Сбербанк басқарма төрағасы Герман Грефпен кездесу кезінде үкімет басшысы жасанды зерде, жиынтықты есептеулер мен робот техникасы саласындағы, оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, логистика, корпоративтік және мемлекеттік басқару салаларында қолданылатын озық жобалармен танысты. 

"Тараптар аталған салалардағы, сондай-ақ білім беруді цифрландырудағы және "Астана" халықаралық қаржы орталығының платформасында АТ-мамандарды бірлесіп даярлаудағы ынтымақтастықтың перспективаларын қарастырды", - деп хабарлады үкімет басшысының баспасөз қызметі.

ВЭБ.РФ мемлекеттік даму корпорациясының төрағасы Игорь Шуваловпен өткен кездесуде ЕАЭО кеңістігінде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру, экономиканы технологиялық жаңғырту және цифрландыру, шикізаттық емес сектордағы сауданы кеңейту және тағы басқа мәселелер талқыланды.

"Росгеология" басқарма төрағасы Сергей Горьковпен, "Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачевпен, "Роскосмос" бас директоры Дмитрий Рогозинмен өткен кездесулерде екі елдің геология, энергетика және ғарыш салаларындағы ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды.

Сапарға Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы – АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Қазақстанның РФ-тегі төтенше және өкілетті елшісі Ермек Көшербаев қатысты.