НҰР-СҰЛТАН, 8 қазан – Sputnik. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов айына бір жарым мың доллар алатын оқытушылар туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазір біз өзіміздің профессорларымыздың жалақысын 300 мыңнан асырып қойдық. Сонымен бірге, "зерттеуші-оқытушы" деген категория бар. Олар "штучный" мамандар және 600 мыңға дейін жалақы алады", - деді Сыдықов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оқи отырыңыз: Педагогтер біліктілік санаты үшін қосымша ақы алатын болады – Аймағамбетов
Ректордың айтуынша, зерттеуші-оқытушы ғылыми жұмыстарды жүргізеді. Ондай мамандардың зерттеулері өндіріске енгізіледі.
"Біз зерттеу жұмыстарының көбі өндіріске еніп жатқан адамдарымызға жаңағыдай жалақы беру арқылы жағдай жасап, оларды қолдап отырамыз. Сондай-ақ, әлемдік рейтинг журналдарында мақаласы жарияланып жүрген ғалымдарымызға да материалдық көмек көрсетіп тұрамыз", - деп атап өтті Сыдықов.
Ал Қазақстан университеттері қауымдастығының президенті Рахман Алшанов білім саласына қыруар қаржы бөлініп жатқанын, соны көргеннен кейін біраз маман жұмысқа қайтып келе бастағанын жеткізді.
"Бюджет жағынан біраз қиындық болса да, президент тапсырмасымен үкімет ақша тауып, қосымша 17 миллиард теңге беріп отыр. Бұрын "жалақымыз төмен, жұмыстан кететін шығармыз" деген әңгімелер жиі айтылатын. Бүгінде біраз ғалымдар мен жас жігіттер қызығып, қайтып келіп жатыр", - дейді Алшанов.