АЛМАТЫ, 7 қазан - Sputnik. Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданының полиция қызметкерлері жабайы аңды аулауға лицензиясы жоқ бола тұра, үлкен аюды атып алған жергілікті тұрғынды ұстады.
Заңсыз аң аулау фактісін табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері кезекті рейд кезінде анықтаған.
"Большая речка ауылына жақын жерден аюдың өлексесі табылды. Жедел іздестіру шаралары кезінде 26 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды. Ол тұзақ орнатып, артынан аюды заңды тіркеуден өтпеген екі ұңғымалы мылтықпен атып алған", - деп хабарлады ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ер адам атылған аюды сол жерде сойып, бөлшектеп тастаған. Өзімен бірге жануардың етін ғана алып кеткен. Полиция 50 полиэтилен пакетке бөліп салынған аю етін браконьердің үйін тінту кезінде тәркіледі. Сондай-ақ күдіктіден мылтық, оқ, пышақ және мотоцикл табылды. Мұның барлығы қылмыстық іс материалдарына заттай дәлел ретінде тіркелді.
Қазіргі таңда ұсталған азаматқа қатысты Қылмыстық кодексінің 337-бабы ("Заңсыз аң аулау") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оны үлкен көлемде айыппұл салу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.