Қоғам

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі оффшорды жабуға қатысты ойын айтты

Бектеновтің айтуынша, біздің шенеуніктер оффшорлық қызметті пайдаланады және заңсыз тапқан кірістерін шетелге шығарып, заңбұзушылыққа барады
Sputnik

АЛМАТЫ, 7 қазан – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Қазақстанда оффшорды жабуға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, оффшор мәселесінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты маңызы зор. Сонымен қатар, осы мәселе төңірегінде президенттің мемлекеттік қызметте жүрген азаматтарға шетел банктерінде шот ашуға тыйым салуға байланысты тиісті тапсырмасы басшылыққа алынған және ол жақында заңнамаға енгізіледі.

"Елімізде үкімет бекіткен оффшорлық юрисдикцияларға қарсы жұмыс жөнінде іс-шара жоспары бар. Бұл мәселемен қаржы министрлігі айналысады. Оның ішінде қаржы мониторингі комитетінің экономикалық тергеу қызметі бар. Біз де өз тарапамыздан бұл мәселелерге көңіл бөліп жатырмыз", - деді ол.

Бектеновтің айтуынша, елімізде оффшорлық қызметті толық жабу керек.

"Осы мүмкіндікті біздің шенеуніктер пайдаланады және заңсыз тапқан кірістерін шетелге шығарып, заңбұзушылыққа барады. Оның жолын кесу керек. Бұл бағытта жұмыс жалғасады", - деп қосты Олжас Бектенов.

Оқи отырыңыз: Мемлекеттік қызметшілер туыстарын жұмысқа қабылдай алмайтын болды

Айта кетейік, оффшор – қаражат белгілі бір елдің шекарасы ішінде болғанымен, сол елдің қаржысына қатысы жоқ жасырынған, көлеңкелі ақша болып табылады. Ол сол елдің қаржы заңдары мен тәртібіне бағынбайды.