НҰР-СҰЛТАН, 7 қазан – Sputnik. Алматы облысында қауіпсіздігі орташа мекемеде сотталғандар арасында жанжал шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 5 қазан күні қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/14 қауіпсіздігі орташа мекемесінде болды. Бірнеше тұтқын арасында тұрмыстық сипаттағы жанжал шықты.
"Мекеме қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскерилері жанжалдың одан әрі ушығуына жол бермеді. Жаппай тәртіпсіздіктің алдын алды", - делінген хабарламада.
Сотталғандарға алғашқы медициналық қызмет көрсетілді. Олардың үшеуі Қапшағай қалалық ауруханасында дәрігерлердің бақылауында жатыр, жағдайы қанағаттанарлық.
Комитет қазір түрмеде жағдай тұрақты екенін мәлімдеді.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін колонияға ҚАЖК басшылығы, арнайы прокурор, сондай-ақ, ұлттық превентивті механизм және қоғамдық-бақылау комиссиясының өкілдері келді.
Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, қызметтік тексеріс жүріп жатыр.