Қоғам

Тоқаев стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің құрылымын бекітті

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің басшысы болып Қайрат Келімбетов тағайындалды. Жаңа ведомство ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарларды әзірлеп, оның іске асуына баға беретін болады
Sputnik

АЛМАТЫ, 6 қазан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ережесі мен құрылымын айқындайтын жарлыққа қол қойды.

Қаулы мәтіні Ақорда сайтында жарияланды.

Құжатта ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті агенттіктің ұлттық статистика бюросы болып қайты құрылғаны айтылған.

Агенттік президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган болып табылады. Ведомство стратегиялық жоспарлау, мемлекеттік статистикалық қызмет, реформалар жүргізу және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау салаларында басшылықты жүзеге асырады.

Қойылған міндеттерді іске асыру үшін агенттік президентке стратегиялық жоспарлау, мемлекеттік статистикалық қызмет, институционалдық және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу жөніндегі мемлекеттік саясатты жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар енгізе алады. Сондай-ақ, үкіметтен, ұлттық банктен, орталық мемлекеттік органдардан және жергілікті атқарушы органдардан, лауазымды тұлғалардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға құқылы.

Оқи отырыңыз: Ақорда Қырғызстандағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады 

Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің басшысы болып Қайрат Келімбетов тағайындалды. Жаңа агенттік төрағасының орынбасарлары болып бұған дейін сыртқы істер министрлігінде жауапты хатшы болған Әркен Өтенов пен ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы вице-министрі Жаслан Мәдиев тағайындалды.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енеді. Үкіметке оны іске асыру үшін шаралар қабылдау тапсырылды.

Айта кетейік, 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауы барысында президентке тікелей бағынатын стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін қайта құру туралы шешімін хабарлады.