Өңірлер

Қостанай облысында салмағы 6 килограмнан асатын нәресте дүниеге келді

Дәрігерлер іштегі нәрестенің алып екенін алдын ала білген. Сондықтан кесар тілігі отасын жасап, босандырып алған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан – Sputnik. Қостанай облысында салмағы 6,1 килограмм, бойы 57 сантиметр болатын нәресте өмірге келді. Рудный қалалық көпсалалы ауруханасында 1 қазан күні дүние есігін ашқан сәбидің есімін Елжан деп қойды.

35 жастағы Динара Ержанова бойы 57 сантиметр, салмаға 6 килограмм 155 грамм тартатын ұл туды, деп хабарлады Alau.kz.

Рудный қалалық көпсалалы ауруханасының акушерлік-гинекологиялық бөлімінің меңгерушісі Людмила Төлебаева көп жылдық тәжірибесінде мұндай салмақтағы баланың дүниеге келгенін бірінші рет көргенін айтады.   

"Бұл отбасындағы төртінші бала. Әуел баста іштегі нәрестенің алып екендігі анықталды. Сондықтан кесар тілігі отасын жасадық", - дейді Людмила Төлебаева.

Анасының айтуынша, жүктілік кезінде ешқандай ауруы асқынбаған, бірақ қиын болған. Динараның өзі де мұндай ірі нәресте дүниеге келеді деп күтпесе керек.   

"Баланың ірі болатынын білдім, бірақ мұншалықты үлкен болады деп ойламадым. Баламның салмағын айтқан кезде алғашында сенбедім. Басқа балаларымның салмағы 5 килограмға жетпеген еді, бірінші балам – 3 800 грамм, екіншісі – 3 890 және үшінші – 4 670 грамм. Бәрі ойдағыдай өтті, бүгін үйге шығарады деп үміттенемін", - деді Динара Ержанова.