НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан – Sputnik. Қазақстан 2021 жылдың бірінші тоқсанына қарай тәулігіне 2 миллион дана бір реттік бетперде шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында фармацевтика саласының өндіріс көлемі 2,5 есеге артып, 92 миллиардтан 230 миллиард теңгеге дейін жететінін атап өтті.
"Оған қоса, 2021 жылдың бірінші тоқсанына қарай отандық кәсіпорындардың бір реттік бетперде бойынша өндірістік қуаты тәулігіне 2 есе ұлғайып, 1 миллионнан 2 миллион данаға дейін, қорғаныс костюмдері бойынша 2 есе артып, айына 500 мыңнан 1 миллион данаға жетеді. Сондай-ақ жыл соңына қарай қолғаптар бойынша өндіріс көлемі тәулігіне 330 мыңнан 530 мыңға дейін ұлғайтылады", - деді Атамқұлов үкімет отырысында.
Сонымен қатар, дәрі-дәрмек экспортының көлемін 3 есе ұлғайтып, 58 миллион доллардан 174 миллион долларға дейін жеткізу жоспары бар.
Ол осы міндеттерді орындау арқылы ішкі нарықта ең қажетті деген дәрілер бойынша отандық өнімдердің үлесі қазіргі 39%-тен 50%-ке жететінін айтты. Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сай келеді.
Министр бұл жоспардың барлығы уақытылы және сапалы орындалатынына сендірді. Айтуынша, министрліктің бұған барлық мүмкіндігі бар.