Қоғам

Қазақстанда көне жоғары оқу орындардың бірі жабылатын болды

Лицензиядан айыру туралы шешім 10 жұмыс күні өткен соң күшіне енеді. Содан кейін жоғары оқу орны қызметін тоқтатуға міндетті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бас лицензиясынан айырды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Министрлік жыл бойы академияда жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізген. Нәтижесінде білім беру саласында бірқатар өрескел заңбұзушылық анықталды.

Лицензиядан айыру туралы шешім 10 жұмыс күні өткен соң заңды күшіне енеді. Содан кейін жоғары оқу орны білім беру саласындағы қызметін тоқтатуға міндетті болады, деп ескертті білім және ғылым министрлігі.

"Біз академия иелері қарсылық танытуы мүмкін екенін түсінеміз. Олар комитеттің шешіміне сот тәртібі бойынша шағымдануға құқылы. Студенттердің алаңдауына еш себеп жоқ. Олар сол қаладағы басқа жоғары оқу орындарына грантын сақтай отырып, ауыса алады, ақылы оқитындар үшін оқу құны артпайды. Ауысу үшін оларға семестрдің аяқталуын күтудің қажеті жоқ, біз қазірден бастап  ауысуға рұқсат бердік", - деді министрліктің білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Ведомствоның ақпаратынша, қазір М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясында 5 мыңнан астам адам оқиды. Оқу құны – білім беру бағдарламасына байланысты 427 мың теңгеден бастап 1,5 миллион теңгеге дейін.

Тағы оқыңыз: Елімізде бес университеттің лицензиясы уақытша тоқтатылды

"Қазақ көлік және коммуникация академиясына қатысты түскен шағымдар бір жылдың көлемінде толастаған емес. Академияның 30-шы жылдардан бастау алған тарихына қарамастан, университет басшылығы оқу орнын осы жағдайға жеткізді. Кезінде дәл осы жоғары оқу орны теміржол саласын сапалы кадрлармен қамтамасыз еткен болатын. Өкініштісі сол, қазіргі таңда бұл білім ордасында болашақ мамандарды тиісті деңгейде даярлау бойынша түйткілді мәселелер жетерлік. Мұндай жағдай елдің экономикасы үшін стратегиялық маңызды саласына маман дайындау барысында орын алмауы тиіс", - деді Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов.

Академиядағы бакалавриаттың 8 бағыты, магистратураның 6 бағыты, докторантураның 4 бағыты бойынша лицензиялар Алматы қаласының басқа 30 жоғары оқу орнында бар.

Министрлік материалдық-техникалық инфрақұрылым мен білім беруге салынған инвестицияны ескеріп, академия базасында мектеп немесе колледж құру туралы ұсынысты қарастыруы мүмкін.

Бұған дейін білім министрлігі 25 жоғары оқу орнын лицензиясынан айырған еді. Олар "педагогикалық ғылымдар", "өнер", "гуманитарлық ғылымдар", "жаратылыстану ғылымдары", "техника ғылымдары", "қызмет көрсету" және "әлеуметтік жұмыс", "әлеуметтік ғылымдар" бағыты бойынша мамандар даярлаған.