Өңірлер

Қостанай облысында карантин күшейтілді

Қостанай облысының Жітіқара ауданында санитарлық бекет пен карантиндік стационар жұмысын жандандырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан – Sputnik. 6 қазаннан бастап Жітіқара ауданында санитарлық бекет және карантиндік стационар жұмысын бастады. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб аудандағы жағдайды ескеріп осындай шешім қабылдаған.

Қостанай облысы тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаменті карантин шараларының күшейтілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Алау" порталы.

"Жедел штабтың шешімімен 6 қазаннан бастап "Желқуар" шекаралық комендатурасының өткізу бекетінде (Жітіқара ауданы – Мариинский кенті, РФ) санитарлық бекет жұмысын жандандырды. Келушілердің міндетті түрде дене қызуы тексеріліп, сауалнама жүргізіледі", - деп мәлімдеді ведомстводан.

Сонымен қатар, Мүгедектерге арналған Жітіқара өңірлік оңалту орталығында ұйымдастырылған карантиндік стационардың медицина қызметкерлері қызметке кірісті. Онда 40 төсек-орын құрылған.

Бұған дейін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов эпидемиологиялық жағдайға байланысты өңірде карантинді күшейту, соның ішінде санитарлық және блокбекеттер қою мәселесі қаралатынын мәлімдеген еді.