Қоғам

Қазақы төбеттер қылмыс ашуды үйреніп жүр – видео 

Ресми мәліметке сәйкес, астанаға Әкпар және Арабика есімді төбеттер жеткізілді. Біреуі есірткіні, ал екіншісі адамдарды іздеуге көмектеседі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 қазан – Sputnik. Астаналық кинологтар алғаш рет қазақы төбеттерді қолдана бастады. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің кинологиялық орталығы өз қызметінде алғаш рет төбет тұқымды иттерді пайдаланатын болады. Күшіктерді Алматыдан жақында ғана жеткізді. Қазіргі уақытта төбеттер жаңа қызметке оқытылуда", - деді Ораз онлайн брифингте. 

Құқық қорғаушылар кинологиялық орталық түсірілген бейнерепортажды да жариялады. Ресми мәліметке сәйкес, астанаға Әкпар және Арабика есімді төбеттер жеткізілді. Біреуі есірткіні, ал екіншісі адамдарды іздеуге көмектеседі.

"Мысалы, бельгиялық төбеттер - энергияға толы иттер. Олар үнемі жұмыс істеп жүруі керек. Дайындауға өте қолайлы ит. Сосын неміс төбеттері бар. Олар өте шыдамды, көбінесе, есірткі іздеуге мықты. Қазақы төбеттерді де үйретіп жатырмыз. Есірткі заттарын және адам іздеуге бейімі бар. Бұл иттердің мінез-құлқы өте байсалды және салмақты. Негізі, әр иттің өзіндік ерекшеліктері болады", - дейді инструктор Ақбота Еңсебаева.