Экономика

Егін жинау науқаны бір айға ерте аяқталып, екі есе көп астық жиналды – Тоқаев

Бүгінде ел өңірлерінде 20 миллион тонна көлемінде астық жиналды. Бұл Қазақстанның ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 қазан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқев ауыл еңбеккерлерін астық жинау науқанының табысты аяқталуымен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.

Мемлекет басшысы биылғы егін егу науқаны коронавирус пандемиясы салдарынан елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қиын жағдайда жүргізілгенін атап өтті.

"Негізгі астық өсіретін облыстарда жаз маусымы жауын-шашынсыз, құрғақ болды. Күрделі жағдайда жұмыс істеуге тура келді", - деді президент.

Соған қарамастан, еліміздің егіншілері ұйымшылдық танытып, ауыл шаруашылығы дақылдарын егуді уақытылы аяқтаған. Нәтижесінде қамбалар астыққа толды.

"Бүгінде ел өңірлерінде 20 миллион тонна көлемінде астық жиналды. Бұл еліміздің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етеді, сондай-ақ, экспорттық әлеуетімізді арттырып, Қазақстанның астық державасы мәртебесін сақтап қалуына мүмкіндік береді. Егін жинау науқаны бір айға ерте аяқталып, қоймаларға екі есе көп астық жиналды", - деп толықтырды Тоқаев.

Оның айтуынша, биылғы жиналған астықтың сапасы жоғары және барлық талаптарға сай келеді.

"Құрметті диқандар, сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің, агротехнологияны қатаң сақтағандарыңыздың және барлық күш-жігерлеріңізді жұмылдыра білгендеріңіздің арқасында осындай нәтижеге қол жеткізілді", - деп атап өтті президент.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Қытайға бидай экспортын ұлғайтуы мүмкін

Ол ауыл еңбеккерлерінің еңбексүйгіштігі мен табандылығы ауылды қайта түлетуге, шаруалардың тұрмысын жақсартуға зор ықпал еткенін баса айтты.

"Агроөнеркәсіп кешенінің міндеттерін табысты шешудің негізі сіздердің жоғары біліктіліктеріңізге, таңдаған мамандықтарыңыз бен даңқты дәстүрге деген адалдықтарыңызда деп сенімді түрде айтуға болады. Қажырлы еңбегі мен диқаншылық міндетке деген адалдығы үшін барлық ауыл еңбеккерлеріне, ардагерлерге, өндіріс озаттарына ризашылығымды білдіремін!", - делінген құттықтау мәтінінде.

Қасым-Жомарт Тоқаев диқандарға зор денсаулық, бақ-береке, Қазақстанды өркендету жолында жаңа табыстар тіледі.