Мәдениет

Қазір иттің итақайы әнші болып жүр – Рамазан Стамғазиев

Рамазан Стамғазиев карантинге байланысты той-томалақ тоқтаса да, дәстүрлі әншілер студенттерге сабақ беріп, табыс тауып отырғанын айтты
Sputnik

Алматы, 4 қазан – Sputnik. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз ретінде баланың көзіне қарап отырып білім бергенге ештеңе жетпейді дейді. Өзі мұғалім болып қызмет атқаратын Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы студенттерінің басым бөлігі онлайн білім алып жүр. Дәстүрлі әнді насихаттап жүрген әнші Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында онлайн білім беру мен дәстүрлі әншілердің табысы жайлы айтты. Сондай-ақ, эстрадада фонограммаға тыйым салуға қатысты пікір білдірді.

Қашықтан оқытудың қиындығы жайлы

Стамғазиев жұмыс істейтін Құрманғазы атындағы консерваторияның бірінші курс студенттері оқу ордасында білім алып жатыр. Ал қалған курстың студенттері қашықтан, түрлі платформаны пайдаланып оқып жүр.

"Былтыр онлайн оқу цифрлық Қазақстанның көпірік сөзбен ғана іс атқарғанын, жалпы бұл жағынан әлсіздігін көрсетті. Биыл оқу жылында 30-40 минуттың ішінде мың өшіп, мың қосылып, арасында Whatsapp-қа көшіп, оқытып жатырмыз. Бір жақсысы, дәстүрлі әншілердің барлығы оқулық жазған. Электронды нұсқасы студенттерге қолжетімді", - дейді дәстүрлі әнші.

Әңгіме барысында онлайн оқу мен дәстүрлі оқу форматының да айырмашылығын сұрадық. Айтуынша, баланың көзіне қарап сабақ бергенге ештеңе жетпейді.

Тағы оқыңыз: "Тыңдайтын құлақ жоқ": Мейрамбек Бесбаев Алматы басшылығына ренішін айтты

"Айырмашылық көп. Баланың көзіне қарап, адамның арғы дүниесін танып оқыту керек қой. Сабақ кезінде нотаны айғайлап көрсету, домбыра тарту техникаларын көрсету керек. Себебі домбыраны бұғып қағу, көсіп қағу, шертіп қағу, іліп қағу деген түрі болады. Соны қасында отырып көрсеткенге жетпейді. Бұрын сабақ елу минут өтсе, қазір қырық минут зыр етіп өте шығады", -  дейді ол.

Дәстүрлі әншінің табысы

Дәстүрлі әншілер карантинге дейін арасында тойға, концертке шығып табыс табатын. Стамғазиевтің айтуынша, дәстүрлі әншілердің негізгі табыс көзі – тұрақты жұмысы. Сол себепті той тоқтағанымен, табысы азайған жоқ.

"Дәстүрлі әншілердің бақыты – мемлекеттік, білім беру орындарында табан тіреп, орнығуы. Той-томалақтың ақшасына күні қарап қалған жоқ. Сабақ беріп, жанын бағып отыр. Айдың соңында айлығын алатынына сенімді. Сабағын беріп, табыс тауып отыр", - дейді әнші әріптестерінің табысы жайлы.

"Фонограмманы жою керек"

"Мәдениет саласы жөніндегі заң жобасымен танысқан жоқпын. Дәстүрлі әншілер жайында ішінде не айтылғанын білмеймін. Алайда қазір телеарналарда фонограммаға тыйым салу жайлы айтып жатыр. Иә, фонограмманы жоғалту керек. Жалпақ шешен болып, оны кейінге қалдырудың қажеті жоқ. Себебі олай жасаса, баяғы "ертегі" қайтып келеді. Өнер әлемінде осы бағыт өлі қалпында жатыр. Әншілердің кәсіби деңгейі өсуі үшін фонограмманы жоғалту керек", - дейді Стамғазиев.

Арам шөпті де қайта өспеуі үшін тамырынан жұлып тастайтынын мысал ретінде келтірген әнші фонограмманы да солай тоқтату керек деп санайды.

"Сонда ғана әншінің деңгейі мен халықтың талғамы өседі. Әншінің репертуары да түзеледі. Сол кезде ғана өсу басталады. Жабайы тілмен айтқанда, қазір иттің итақайы әнші болып жүр. Жазып алып сахнаға шығады, ел оны әнші екен деп ойлайды. Біріншіден, әншінің қадірі кетті. Екіншіден, кәсіби әнші мен әуесқой әншінің арасын ажырата алмай қалды", - дейді ол.

Стамғазиевтің пікірінше, заңды қабылдаған соң кім де кім сахнада яки тойда фонограммамен ән салатын болса, ірі көлемде айыппұл салып, жаза қолдану керек.

"Кәсіби әнші музыкалық техникаға қарамайды. Ал жанды дауыста ән айту үшін мықты аппаратура қажет дейтіндер – қаланың ішінде жүріп ән салатындар. Аудандарға, ауылдарға барып көрмеген әншілер солай айтады. Ауылдық жерде жақсы техника жоқ екені рас, алайда барлық жерде олай емес. Әншілер шетелдегі аппараттың ауылдарда тұрғанын армандайды", - дейді Стамғазиев.

Айтуынша, дәстүрлі әнші Жұбаныш Жексенұлы, "Заман" тобы, Саят Медеуовтің шығармашылығын ұнатады.

"Ал әуесқой әнші деген – "әуестенбей, қой" дегенде қоймайтын адамдар. Олар халық қабылдамағанын біліп, көріп тұрса да қоймайды", - дейді ол.

Сахнада отыз жылдан бері жүрген дәстүрлі әнші әуесқойлар ақша мен техниканың күшімен әнші болып жүр деп санайды.