Елорда тынысы

Нұр-Сұлтан карантинге жабыла ма - ресми түсініктеме

Тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті желіде тараған мәліметке байланысты хабар таратты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 4 қазан – Sputnik. Мессенджерлерде астана 15 қазаннан бастап карантинге жабылады деген ақпарат тарап жатыр. Денсаулық министрлігі тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

"Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласын 15 қазаннан бастап карантинге жабу және блок бекеттер орнату мәселесі қарастырылып жатқан жоқ", - деп жазылған Telegram-да жарияланған хабарламада.

Қазақстандықтарды әлеуметтік желідегі тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге шақырды.

Жалған ақпарат тарату үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Бұл бап бойынша 1000-нан 5000 АЕК (2,7 - 13,8 миллион теңге) көлеміндегі айыппұл салу немесе жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.