Өңірлер

Қазақстанда ұзақ жыл бойы тұрғындарды үрейде ұстаған қылмыстық топқа сот үкімі шықты

Маңғыстау аудандарының бірін ұзақ уақыт бойы үрейде ұстаған "ТТС" ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері бас бостандығынан айырылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 3 қазан – Sputnik. Мұнайлы ауданының тұрғындарына қатысты ауыр қылмыстар жасаған үш адамға сот үкімі шықты. Жәбірленушілер ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне шағымы жоқ екенін айтса да, Маңғыстау облыстық соты оларды кінәлі деп тауып, біраз жылға соттады.

Айыптау қорытындысының материалдарына сәйкес, жергілікті тұрғындарға "ТТС" атауымен танымал ұйымдасқан қылмыстық топ 2018  жылдың мамырынан 2019 жылдың шілдесі аралығында Мұнайлы ауданының аумағында қоғамдық тәртіпке, меншікке, адамдарға қатысты ауыр және аса ауыр бірқатар қылмыс жасады, деп хабарлайды inaktau.kz порталы.

Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарлағандай, үш сотталушы, соның ішінде қылмыстық топтың лидері де бар, адам өлтіру, қоқан-лоқы көрсету, пара бопсалау, бұзақылық, қаруды заңсыз сатып алу және сақтаумен байланысты эпизодтар бойынша жауапқа тартылған.

Айыптау тарапы сотталушылардың кінәсі барлық бап бойынша толығымен дәлелденгенін мәлімдеп, қылмыстық топ мүшелерін бас бостандығынан айыруды сұрады.

Тағы оқыңыз: Қызылорда облысында ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды

Ал қорғаушы тарап келтірілген айғақтармен келіспей, соттан топ мүшелерін ақтауды өтінді. Жәбірленушілер болса, сотталушыларға шағымы жоқ екенін айтып, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Іс материалдарын қарап, сот үш адамды айыпты деп таныды. Нәтижесінде қылмыстық топтың басшысы 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал сыбайластары тиісінше 14 және 15 жылға сотталды.

"ТТС" ұйымдасқан қылмыстық тобының ұсталғаны туралы былтыр шілде айында белгілі болды.