Қоғам

"Уақыт созып отырған сияқты": жол апатына ұшыраған алматылықтың жанайқайы

Мас күйінде көлік айдап, жол-көлік оқиғасын жасаған кінәлі жүргізуші әлі күнге дейін бостандықта жүр
Sputnik

АЛМАТЫ, 2 қазан – Sputnik. Алматы тұрғыны мас жүргізуші қағып кеткеннен кейін әрең аман қалды. Енді ол құқық бұзушының жазаланғанын қалайды, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

Жол апаты осыдан екі апта бұрын болған. Көлік жүргізушісі қызды қағып кетіп, содан кейін апат орнынан қашып кеткен. Бейнебақылау камерасындағы жазбаға сәйкес, жүргізуші көліктен шығып, қыздың денесін жол жиегіне шығарып тастап, оқиға орнынан кетіп қалған. Қан жоса болып жатқан жәбірленушіні сол маңнан өтіп бара жатқан кездейсоқ жолаушы байқап қалып, жедел жәрдем шақырған.

Алматы тұрғыны көптеген жарақат алған, аяғы сынып, басы жырылған. Қыз әлі де ауруханада, оны үйге шығаруға дайындап жатыр. Ал дәрігерлер толық қалпына келу үшін біраз уақыт қажет екенін айтады.

Жол апатына кінәлі адам жалдамалы пәтерде ұсталғанымен, әлі күнге дейін бостандықта жүр.

Зардап шеккен Данара Қуанышбаева мен оның туыстары полицияның арыз қабылдамай отырғанын айтты. Олар істі жақында жауып тастай ма деп алаңдайды.

"Осы уақытқа дейін ауруханаға бір де бір полиция қызметкері келген жоқ, арыз қабылдамай отыр. Аудандық ішкі істер бөліміне барғанымызда "арызды алыңыздар, неге іс әлі қозғалған жоқ?" деген сұрақтар қояды, бірақ ештеңе істемейді. Уақыт созып отырған сияқты. Бірақ оның не үшін керек болғанын білмейміз", – дейді жәбірленушінің ағасы Талғат Қуанышбаев.

Полиция зардап шегуші ауруханадан шыққаннан кейін тергеу басталатынын айтты. Алматы полициясы өкілінің айтуынша, әрекеті видеоға түсіп қалған көлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілік бойынша жазалануы мүмкін.

"Егер сараптама жол-көлік оқиғасы салдарынан жәбірленушінің денсаулығына ауыр не орташа зиян келгенін көрсетсе, онда бұл факт қылмыстық заңнама аясында тексерілетін болады. Егер сараптама әйелдің денсаулығына жеңіл зиян келгенін анықтаса, онда әкімшілік жаза қабылданады", – деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Оқи отырыңыз: Өскеменде мас жүргізуші полиция көлігін айдап әкетіп аударылды

Апатқа кінәлі адамға ең ауыр жаза ретінде екі жылға дейін бас бостандығынан айыру үкімі шығуы мүмкін. Оған қоса күдікті мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылады.