Қоғам

Қоңыр күзде гүлдеген сиреннің фотосы алматылықтарды таңғалдырды

Ботаниктер бұл құбылысқа таңырқайтын түгі жоқ дейді. Сиреннің күзгі уақытта екінші рет гүлдеуі қоңыр күзде жиі байқалатын көрінеді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 қазан – Sputnik. Алматы қаласында сирен гүлдеп тұрғындар таңғажайып табиғи құбылыстың куәсі болды. Мұндай жағдай соңғы бірнеше жылда Алматыда кездеспеген.

Алматы қаласының Бостандық ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде көктемнің соңғы айына тән сирен гүлдеген. Таңғажайып мұндай суретті dina_leinek есімді қолданушы Instagram парақшасында жариялады. 

 
"Мен үйімнің жанында гүлдеген сиренді көрдім. Табиғаттың тосын сыйы. 1 қазан, 2020 жыл. Бұл қалыпты жағдай ма, мұны білмедім", – деп жазған автор желідегі жазбасында.

Мұндай жарияланым желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырды. Олардың кейбірі фотоның шындыққа сай келмейтінін айтып, қазан айының алғашқы күнінде Алматыда ауа райы суық болғанын жазса, енді біреулер керісінше, бұл фактіні растай түскен. Тіпті, бұл қаладағы жалғыз жағдай емес деп сендіруге тырысқан.

Оқи отырыңыз: Шымкентте қызғалдақтар гүлдеді

Айта кетейік, Алматының ауа райына жақын климаттық аймақтарда сиреннің күзгі гүлдеуіне қатысты оншақты жағдай желіде бұған дейін де жазылды. Ботаниктер бұл құбылысқа таңырқайтын түгі жоқ дейді. Сиреннің күзгі уақытта екінші рет гүлдеуі қоңыр күзде жиі байқалатын көрінеді.