Экономика

Қарабақ шиеленісі Ақтау мен Баку арасындағы теңіз тасымалына қалай әсер етті

Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрық пен Баку порттары арасындағы паром қатынасы қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы хабарлады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 2 қазан – Sputnik. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы паром қатынасы тоқтаған жоқ, деп хабарлады Sputnik Қазақстан агенттігіне индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Sputnik тілшілері Әзербайжан мен Арменияда әскери жағдай енгізілгендіктен, паром жолаушылары мен жүктерін Каспий теңізі арқылы Баку портына тасымалдаудың қазіргі жай-күйі турасында сауал жіберген болатын.

"Қазіргі уақытта Құрық пен Баку порты арасындағы паром қатынасы санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, штаттық режимде жүзеге асырылуда", – делінген министрліктің жауабында.

Қазақстанның Құрық порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында, Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық ауылынан батысқа қарай 17 шақырым жерде орналасқан.

Баку халықаралық теңіз сауда порты Бакуде, Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік көлік дәліздерінің қиылысында орналасқан. Бұл – Каспий теңізіндегі ең үлкен порт.

Бұл ретте, Қазақстан коронавируске байланысты жарияланған карантинге сәйкес, Армения және Әзербайжанмен арадағы әуе рейстерін қайта қалпына келтірмегенін атап өткен жөн.

Таулы Қарабақтағы шиеленістің өршуі

Естеріңізге сала кетейік, 27 қыркүйекте Әзербайжанның қорғаныс министрлігі Армения қарулы күштерінің Қарабақтағы байланыс сызығы маңындағы елді мекендерге оқ жаудыранын мәлімдеген еді. Қақтығыс салдарынан қайтыс болғандар бар.

Өз кезегінде Арменияның қорғаныс министрлігі Қарабақ Әзербайжан тарапынан "әуе және зымырандық шабуылдарға ұшырағанын" хабарлаған.

Әлем мойындамаған Таулы Қарабақ республикасының басшысы Араик Арутюнян әскери жағдай енгізді.

Арменияда да әскери жағдай енгізіліп, мобилизация жарияланды. Әзербайжанда әскери жағдай бүкіл елде емес, кейбір аймақта ғана енгізілді.

Қазақстан жанжалдың ушығуына қатты алаңдаушылық танытып, тараптарды келіссөз жүргізуге шақырды. Бірқатар мемлекет, соның ішінде Ресей тараптарды сабырлыққа үндеді.

Сонымен қатар, БҰҰ қауіпсіздік кеңесі Таулы Қарабақтағы ауқымды ұрыс қимылдары туралы хабарламаларға алаңдаушылығын білдірді.

Оқи отырыңыз: Таулы Қарабақ: қақтығыстың ушығуына қатысты әлем елдері не дейді?

БҰҰ қауіпсіздік кеңесі Армения мен Әзербайжанды соғыс өртін дереу сөндіруге және алдын ала шартсыз маңызды келіссөздерді бастауға шақырды, сондай-ақ ЕҚЫҰ Минск тобы теңтөрағаларына толықтай қолдау танытты.