Өңірлер

Түркістан облысында мектеп директоры ұстаздарды күйеуіне дауыс беруге мәжбүрлеген

Тексеру қорытындысы бойынша Сартөбе кентіндегі мектеп директоры "Nur Otan" партиясынан, ал оның жұбайы праймериз үміткерлері қатарынан шығарылды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. "Nur Otan" праймеризде дауыс беруге мәжбүрлегені үшін Түркістан облысының партия мүшелерін жазалады.

Партиялық бақылау комитеті әлеуметтік желіде тараған Түлкібас ауданының партия мүшелерін праймеризде белгілі бір үміткерлерге дауыс беруге мәжбүрлеу туралы ақпаратты тексерді.

Тексеру қорытындысы бойынша Түлкібас ауданына қарасты Сартөбе кентіндегі мектептің директоры Гүлжан Әмірбекова білім ордасындағы ұстаздарын бірқатар үміткерлерге, оның ішінде жұбайына дауыс беруге мәжбүрлеп, праймериз өткізу ережелерін өрескел бұзғандығы анықталды, деп хабарлады "Nur Otan" партиясының баспасөз қызметі.

"Түлкібас аудандық филиалының партиялық бақылау комиссиясы "Сартөбе" БПҰ-ға Гүлжан Әмірбекованы "Nur Otan" партиясының  қатарынан шығаруды ұсынды", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, партияішілік іріктеу өткізу жөніндегі облыстық ұйымдастыру комитетінің шешімімен оның жұбайы Нұрлан Әмірбеков праймериз үміткерлері қатарынан шығарылды. Сондай-ақ, партияның Түлкібас аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуатбек Еркебаевқа қатысты партиялық тәртіптік жаза қолданылды.

Оқи отырыңыз: Nur Otan праймериз қарсаңында өрескел тәртіп бұзушылықтарды анықтады 

"Nur Otan" партиясының баспасөз қызметі Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың партияішілік сайлауда дауыс беруді ашық, әділ және айқын өтуін қамтамасыз ету қажеттігі туралы тапсырмасын орындау аясында орталық аппарат жергілікті жерлерде осындай "бастамалардың" жолын кесетінін тағы да атап өтті.

Бұған дейін партиялық бақылау комитеті Ақмола облысында жаппай дауыс беруді ұйымдастыру әрекетін анықтаған болатын.  

Праймериз өткізу ережесін бұзған қандай да бір жағдай бойынша 8 (800) 080 4441 жедел желісіне (қоңырау шалу тегін) немесе komek@nurotan.kz электронды поштасы бойынша хабарласуға болады.