Саясат

Назарбаев Таулы Қарабақтағы қақтығыс туралы айтты

Назарбаев Әзербайжан мен Армения арасында келіссөздерді бастау маңызды екенін айтты, бұл өңірдегі жағдайды тезірек тұрақтандыруға көмектеседі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевты  қабылдады. Кездесу барысында тұңғыш президент Таулы Қарабақтағы қақтығыстың ушығуына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Elbasy.kz.

Кездесуде Түймебаев Назарбаевқа ҚХА мен өңірлердегі Достық үйлерінің қазіргі қызметі жайлы баяндады.

Елбасы Қазақстандағы әзербайжан мен армян диаспораларының Таулы Қарабақтағы әскери іс-әрекеттерді тоқтату жөніндегі бірлескен үндеуін қолдады.

Тұңғыш президент қақтығыстың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан үшін дос мемлекеттер арасында келіссөздерді бастаудың маңыздылығын атап өтті. Назарбаевтың пікірінше, бұл өңірдегі жағдайды тезірек тұрақтандыруға септігін тигізеді.

ҚХА төрағасы тәуелсіздік алған күннен бастап халықтың бірлігі, қоғамдағы тұрақтылық пен келісім елдің басты құндылығы болғанын айтты. Осы орайда биыл 25 жылдығын атап өтіп жатқан Ассамблеяның айрықша рөліне тоқталды.

Ал ҚХА төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Елбасына этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік басқаруды реформалаудың және талдау жұмыстарының нәтижелері туралы баяндады.

Әлеуметтік зерттеулердің соңғы мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан халқының 92,4%-і этносаралық ахуалды қолайлы және тұрақты деп бағалаған. Ал 89,2%-і мемлекеттің елдегі этносаралық келісімді сақтауға бағытталған шараларын қолдап отыр.

Сонымен қатар, кездесуде Конституция мен ҚХА-ның 25 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспары, Ассамблеяның 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын іске асыру кезеңдері мен пандемия кезінде ұйымдастырылған қайырымдылық жұмыстар туралы айтылды.

Кездесу соңында Ассамблея төрағасы өз орынбасарына бірқатар нақты тапсырма берді.

Еске салсақ, Таулы Қарабақта қарулы қақтығыстар 27 қыркүйекте басталды. Әзербайжан мен Армения бірін-бірі арандатушылыққа барды деп айыптап отыр.

Екі ел де қарсы тараптың шабуылға шыққанын, сондықтан, қарсы операцияға мәжбүрлі түрде барғанын мәлімдеді. Қарулы қақтығыстар әскери және бейбіт тұрғындардың өліміне әкеліп соғуда.