Қоғам

"Кинотеатрлар ашылуы мүмкін": денсаулық министрі негізгі талапты жариялады

Бірінші кезеңде кинотеатрдағы орындардың 30 процентін ғана толтыруға рұқсат берілмек, ұсыныс жақын арада ведомствоаралық комиссияның отырысына шығарылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой кинотеатрларды ашу мәселесі талқыланып жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің мәліметінше, коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына тиісті ұсыныстар енгізіледі.

"Бірінші кезеңде кинотеатрдағы орындардың 30 процентін ғана толтыруға рұқсат беруді ұсынамыз. Осы мәселе талқыланып жатыр. Жақын арада ведомствоаралық комиссияның отырысына шығарылуы мүмкін", - деді Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оқи отырыңыз: Санитарлық нормалар сақталмаса, қатаң карантин енгізілуі мүмкін – Цой 

Айта кетейік, ведомствоаралық комиссияның шешімімен 5 қазаннан бастап коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында қосымша шаралар енгізіледі. Олар:

  • басқа елдермен әуе рейстерін қалпына келтіруді тоқтату;
  • бұған дейін ашылған әуе рейстерінің санын көбейтпеу;
  • Түркияға рейстерді қысқарту.

Бұдан бөлек, екінші санаттағы елдерден келетін азаматтар үшін міндетті талаптар бекітілді. Олар:

  • Дене қызуын өлшеу;
  • Сауалнама;
  • Коронавирусқа тест тапсырғаны туралы анықтама (мерзімі – 3 тәулік).

Анықтама болмаған жағдайда азаматтар екі тәулікке карантиндік стационарға орналастырылады. COVID-19 тесті вирусты жұқтырғанын көрсетсе, инфекциялық стационарға жатқызылады. Ал инфекция табылмаса, үйіне қайтады.